Қостанай облысында Тобыл өзенінде жоғалып кеткен ата мен немерені іздестіру жұмыстары аяқталды. Құтқарушылар олардың денелерін бірнеше шақырым төмен ағыстан тапты, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы оқиға 14 маусым күні Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылы маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, шомылуға тыйым салынған жерде өзен жағасында жүрген 6 жастағы бала қатты ағысқа түсіп кеткен.
Баланы құтқаруға ұмтылған атасы суға секіргенімен, өзі де ағысқа қарсы тұра алмай, немересімен бірге жоғалып кеткен.
Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 16 маусым күні жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында баланың денесі оқиға орнынан шамамен 1,5 шақырым төмен жерден табылған. Кейін 1967 жылы туған ер адамның мәйіті өзен ағысымен шамамен бес шақырым жерден анықталды.
Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, медицина мамандары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, еріктілер және ауыл тұрғындары жұмылдырылды.
Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары толық аяқталды.