Freedom Inside '26

Назарбаев Amanat партиясына мүше емес – Айдос Үкібай

Назарбаев Amanat партиясына мүше емес – Айдос Үкібай
ашық дереккөз

Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың мәлімдеуінше, Қазақстанның экс-президенті қазір Amanat партиясына мүше емес және партия төңірегінде болып жатқан соңғы өзгерістерге еш қатысы жоқ.

Бұл жөнінде Айдос Үкібай Азаттық сауалына берген жауабында айтқан, деп хабарлайды ult.kz.

«Нұрсұлтан Әбішұлының партияға қандай қатысы бар? Ол президенттік өкілеттігін 2019 жылы тоқтатқан», – деді Үкібай. 

Сондай-ақ ол бүгінде Назарбаевтың саясатпен айналыспайтынын атап өткен.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президент ретіндегі өкілеттігін тоқтатқанымен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Қауіпсіздік кеңесіне және өзі құрған «Нұр Отан» (қазіргі Amanat) партиясына жетекшілік етіп келді.

Айта кетейік, ол соңғы рет ел алдына биыл 15 наурызда шықты. Бұрынғы президент Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша өткен республикалық референдумда дауыс берді. Алайда дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берместен, бірден кетіп қалған.