Freedom Inside '26

Миллиондаған теңге алып, ізін суытқан шеберге сот үкімі шықты

Миллиондаған теңге алып, ізін суытқан шеберге сот үкімі шықты
nstagram.com/kozachkov_offside/

Алматыда керме төбе орнатамын деп тұрғындардан ақша алып, кейін байланысқа шықпай кеткен ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Іс Әуезов аудандық сотында қаралды, деп хабарлайды ult.kz.

“Kozachkov_offside” Telegram арнасының жазуынша, сот материалдарына сәйкес, 28 жастағы Ілияс Айнабеков бірнеше жыл бойы құрылыс жұмыстарына тапсырыс қабылдап, алдын ала төлем алғаннан кейін клиенттермен байланысын үзген. Алғашқы дерек 2022 жылы тіркелген. Сол кезде ол бір тұрғыннан керме төбе орнату үшін 1,7 миллион теңге алған.

Кейін дәл осындай бірнеше жағдай қайталанған. 2023 жылы екі адамнан 1,6 миллион және 990 мың теңге, 2024 жылы тағы екі клиенттен 120 мың және 250 мың теңге алған. Ал 2025 жылы жеті адамды алдаған. Соңғы, он үшінші жәбірленуші 2026 жылы полицияға арызданғаннан кейін күдікті анықталып, үйқамаққа алынған.

Тергеу барысында оның жәбірленушілердің біріне қоқан-лоқы көрсетіп, денсаулығына зиян келтіремін деп қорқытқаны белгілі болды.

Сотта Айнабеков кінәсін толық мойындағанымен, келтірілген шығынды өтемеген және тұрақты жұмысы болмаған. Соған қарамастан, сот оны қоғамнан оқшауламау туралы шешім қабылдап, 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Енді ол пробациялық бақылауда болып, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге міндетті.