Қостанай облыстық аурухананың №3 корпусын күрделі жөндеу кезінде құны 141,2 млн теңгеге бағаланған медициналық жабдықтың жоғалғаны анықталды. Бұл дерек бойынша «аса ірі көлемдегі ұрлық» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.
Қостанай облыстық прокуратурасының мәліметінше, іс аурухана бас дәрігерінің арызы бойынша тіркелген. Аудит барысында бұрын орнатылып, ақшасы толық төленген бірқатар медициналық жабдықтың орнында жоқ екені анықталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сәйкес, аурухананың №3 корпусын жөндеу жобасының жалпы құны 1 млрд теңгеден асады. Оның шамамен жартысы игерілгенімен, құрылыс-монтаж жұмыстары әлі аяқталмаған.
Даулы жоба бірнеше жылдан бері сот процестерімен және мердігер ұйыммен келіспеушіліктермен қатар жүріп келеді. Басқарманың мәліметінше, мердігер белгіленген мерзімде міндеттемелерін орындамаған, құрылыс алаңында жұмысшылар саны жеткіліксіз болған және нысан уақытында тапсырылмаған. Нәтижесінде келісімшарт бұзылып, бұл шешімді сот заңды деп таныған.
2025 жылғы тексеру кезінде комиссия нысанда күзет болмағанын және бұрын орнатылған медициналық жабдықтардың бөлшектелгенін анықтады. Кейін жүргізілген аудит нәтижесінде 141,2 млн теңгенің жабдығы жетіспейтіні белгілі болды.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал аурухананың жоспарланған бөлімшелері уақытша басқа медициналық мекемелерде жұмысын жалғастыруда. Нысанды толық аяқтап, пайдалануға беру 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
Аймақтағы тағы бір ұзаққа созылған жоба – балалар облыстық ауруханасын жаңғырту. 2021 жылы басталған жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған. Қазір жоба қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, ал құрылыс жұмыстарының нақты мерзімі әзірге белгісіз.