«Мен бұған лайық емеспін»: Импостер синдромының зардабы қандай?

«Мен бұған лайық емеспін»: Импостер синдромының зардабы қандай?
Фото: freepik

Қызметіңіз өсіп, көп жетістікке жеткенде «мен бұған лайық емеспін, жақында бәрі менің шын мәнінде ондай мықты емес екенімді біліп қояды» деген ой келді ме? Әлде әріптестеріңіз мақтағанда «олар мені асыра сілтеп бағалап жүр» деп ойлайсыз ба? Солай болса, бұл жалғыз сізде болатын сезім емес. Психологияда мұны импостер синдромы (синдром самозванца) деп атайды, деп хабарлайды ult.kz.

Tamga Media психолог Назигүл Темірғалиевамен бірге бұл сезімнің неден пайда болатынын және оны қалай жеңуге болатынын түсіндіріп көрді.
Бұл не қылған «ауру»?
Бұл термин 1978 жылы америкалық психологтар Полин Роуз Клэнс пен Сюзанне Аймстың зерттеулерінен кейін ғылымға енді. Олар үлкен жетістікке жетсе де, «мұның бәрі кездейсоқ, жұрт ерте ме, кеш пе менің ештеңе білмейтінімді сезіп қояды» деп үрейленетін табысты әйелдердің мінез-құлқын зерттеген. Кейінірек бұл күй адамның жынысына, мамандығына немесе біліміне мүлдем бағынбайтыны белгілі болды. Қызығы, Жер бетіндегі адамның 70%-ға жуығы өмірінде ең құрығанда бір рет осындай сезімді бастан өткереді екен.
Импостер синдромы психикалық ауру да, медициналық диагноз да емес. Бұл – адамның өзін бағалауына қатысты қалыптасқан стереотип ойы ғана.
Оның кәдімгі күмәннан басты айырмашылығы да осы тұрақтылығында жатыр. Мысалы, емтихан алдында немесе жаңа қызметке кірісерде уайымдау – заңды құбылыс және ол іс біткен соң басылады. Ал бұл синдром кезінде бәрі керемет болып тұрса да, «мен бұған лайық емеспін» деген соқыр сенім адамның санасынан шықпай қояды.

«Өзіңе сын көзбен қарау – өзіңді кәсіби маман әрі тұлға ретінде өсіретін табиғи процесс. «Мен әлі де дайындалуым керек» деген ой адамды алға жетелейді. Ал импостер синдромы бар адам нақты фактілерге сенуден қалады. Жобаны сәтті аяқтаса да, қызметі өссе де, айналасынан шынайы алғыс естісе де, өзін бұл орынға кездейсоқ тап болғандай, лайық емес сезінеді. Сырттан қанша дәлел келтірілсе де, ойын өзгертуі қиын», - дейді Назигүл Темірғалиева. 
Себебі неде?
Әдетте мұның тамыры бала кездегі ата-анамен немесе бала үшін беделді болған ересектермен қарым-қатынасқа барып тіреледі. Егер бала махаббат пен жылуды тек жақсы нәтиже көрсеткенде алатын, ал қате ешқашан кешірілмейтін ортада өссе, санасында «мені бәрін мінсіз істегенімде ғана жақсы көреді» деген логика ұялайды.

«Мәдени ортаның да ықпалы зор. «Ел не дейді» деген қалыпқа бағынатын, жұрттан бөлінуді құптамайтын қоғамдық сана зиянсыз көрінгенімен, ол еңбекті елемеумен және өзгемен салыстырумен ұласса, адам өз жетістігін бағалай алмай қалады. Мұндай жан өзін сырт көздің берген бағасымен ғана өлшеуге дағдыланады, ал ісінің нақты нәтижесі кейінге ысырылып қалады. Ал айналадан жылы сөз естімегенде өзіне деген сенімі де бірден құмдай үгітіледі», - дейді психолог. 

Ішкі сезім қалай көрініс табады?
Бұл күй әдетте бір ғана сценарий бойынша қайталанады: адам жан аямай еңбек етіп, көп нәтижеге жетеді, бірақ оның рақатын көре алмайды. Қуанып, мақтанудың орнына «жай ғана жолым болды», «мұны кез келген адам істей алар еді», «бұдан да жақсырақ жасау керек еді» деп өз еңбегін бірден құнсыздандырады. Осы тұста бой көрсетіп қалатын перфекционизмді мінездің қыры деп қабылдау қате. Бұл – ішкі қорғаныс механизмі ғана. Адам «бәрін мінсіз жасасам, ештеңе білмейтінімді ешкім сезбей қалады» деген қорқынышпен өмір сүреді.

«Осыдан барып үлкен қайшылық туады: табыс көбейген сайын, іштегі сыншының да дауысы қатая түседі. Жауапкершіліктің жүгі ауырлаған сайын, «бетпердем ашылып қалады» деген үрей үдейді. Тіпті мұндай жандарды жұмысқа қызығушылығы емес, іштегі үрейі ғана алға сүйрейді. Олар білімге шынайы өсу үшін емес, «біліксіз болып көрінуден қорыққаннан» ұмтылады», 
– деп қосты Назигүл Темірғалиева
Қандай қаупі бар?
Мұның зардабы өзіңді іштей жайсыз сезінумен ғана шектелмейді. Frontiers in Psychology мәліметтеріне сүйенсек, бұл синдром созылмалы мазасыздыққа, эмоциялық қажуға және депрессияға себеп болуы мүмкін. Осындай күйдегі жандар күрделі әрі ауқымды жобаларға жолағысы келмейді, жалақысын өсіруді немесе қызметін өсіруді сұрауға батпайды. Әлеуеті толық жетіп тұрса да, барына қанағат тұтып жүре береді. Ең өкініштісі, адам өз жетістіктерінен ләззат алмайды. Әрбір табысы не құнсызданып кетеді, не жаңа бір үрейдің көзіне айналады.
Психологтың сөзінше, бұл синдромның адамға еш пайдасы жоқ. Алайда осындай сезімде жүретін мамандардың жауапкершілігі өте жоғары, ұқыпты әрі жұмыс сапасына қатты мән беретін игі қасиеттері болады, бұл – олардың мықты тұсы. Бірақ бұл қасиеттердің қозғаушы күші шынайы ынта емес, ішкі қорқыныш қана.

Ерлер мен әйелдер: айырмашылық бар ма?
Бұл күйдің ішкі механизмі бәріне ортақ, бірақ сырт көріністері әртүрлі болуы мүмкін. Әйелдер өзіне сенімсіз екенін жиі ашық айтады, өзін жиі кінәлайды, қоғамның өзіне артқан үмітін ақтауға тырысады.
Ал ерлер іштегі күмәнін көбіне жасырып бағады. Мазасыздығын мойындаудың орнына тынымсыз жұмыс істейді, жаңа мүмкіндіктерден қашады немесе өз мықтылығын үнемі дәлелдеумен әлек.
Не істеу керек?
Әуелі мұны өзіңіздегі үлкен кемшілік деп қабылдамаңыз. Бұл – уақыт өте қалыптасқан әдет. Ең бастысы, оны өзгертуге болады. Мұны түсінудің өзі оның сізге әсерін азайтады.

Бұл синдромнан құтылу үшін:

жетістіктеріңізді жазып жүріңіз;

біреу мақтаса, оны «жай ғана жолым болды» деп жоққа шығармай, шын көңілмен қабылдауға тырысыңыз.

өзіңізді қатты сынай бастайтын сәттерді байқап үйреніңіз. Ең бастысы, «мен қателестім» деген ой мен «мен түкке тұрмаймын» деген ойды шатастырмаңыз. Біріншісі – кез келген адамда болатын қате, ал екіншісі – өзіңізді орынсыз төмен бағалау.

Бұл сезімдер тұрақты сипат алып, жұмысыңызға, айналамен қарым-қатынасыңызға немесе өмір сапасына айтарлықтай кедергі келтіре бастаса, психологқа барған дұрыс. Бұл жұмысты неғұрлым ерте қолға алсаңыз, іштегі қасаң түсініктерді өзгерту соғұрлым жеңіл.
Терапия қалай көмектеседі?
Психоанализ бойынша, бұл мәселе адамның қабілетсіздігінен емес, өз құндылығын толық сезіне алмауынан туындайды. Сондықтан терапия адамның білімін немесе кәсіби дағдыларын емес, өзіне деген көзқарасын өзгертуге көмектеседі.
Маманмен бірге адам өзін үнемі сынайтын ішкі дауыстың қайдан шыққанын, оған бала кездегі қандай тәжірибе мен отбасыдағы тәрбие әсер еткенін түсінеді. Сондай-ақ нақты жағдай мен негізсіз қорқынышты ажыратуды үйренеді. Нәтижесінде адам өз жетістіктерін дұрыс бағалай бастайды. Бір қате немесе біреудің сыны оның өзіне сенімін бұрынғыдай оңай шайқалта алмайды.