Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, елорданың ел дамуындағы айрықша рөліне тоқталды, деп хабарлайды ult.kz.
Президенттің айтуынша, Астана – егемен еліміздің жүрегі, Тәуелсіз Қазақстанның символы және жарқын болашаққа ұмтылған ұлттың жасампаз күш-қуатының көрінісі. Мемлекет басшысы ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер дәл осы қалада қабылданатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бас қала ауқымды тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып, заманауи басқару жүйелері енгізілген «ақылды қала» мәртебесіне ие болды. Сонымен қатар елордада саябақтар, гүлзарлар мен балалар алаңдары салынып, тұрғындар мен қонақтарға қолайлы орта қалыптастырылып жатыр.
"Елорда күні қарсаңында ұлт жылнамасындағы түбегейлі бетбұрыс кезеңіне жол ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде, осы тарихи оқиға билік пен қоғамның негізгі институттарын жаңғырту ісінің бастауы саналады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елорданың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң Астананың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейткенін айтты. Сондай-ақ қаланың халықаралық беделі артып келе жатқанын, өңірлік және жаһандық деңгейдегі маңызды мәселелер бойынша шешімдердің Астанада қабылдануы соның дәлелі екенін жеткізді.
Құттықтау соңында Президент елорданың «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық мәдениеттің үлгісіне айналуы тиіс екенін атап өтіп, Астана тұрғындарына амандық пен табыс тіледі.