Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Президент өз құттықтауында ұлы ойшылдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы әлемдік әрі ұлттық мәдениеттің асыл қазынасынан ерекше орын алатынын атап өтті.
«Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың халықты білімге, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке шақырғанын және қоғамды бірлік пен келісімді сақтауға үндегенін атап өтті. Сондай-ақ ақынның «Толық адам» идеясы азаматтарды рухани кемелденуге жетелейтін өзекті тұжырым екенін айтты.
Президент биылғы Абай күні еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келгеніне назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуі билік институттарын жаңғырту үдерісіне жол ашып, елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын маңызды кезең болды.
Мемлекет басшысы Абай мұрасы қазіргі Қазақстанның «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» сияқты құндылықтарымен үндесетінін атап өтті.
«Біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшылдың мол мұрасы өскелең ұрпақты отаншылдық пен туған елге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге алдағы уақытта да рухани негіз болатынына сенім білдірді.
Президент барша қазақстандықтарға амандық пен табыс тілеп, Абай күнімен құттықтады.