Жаңа оқу жылы жақындаған тұста Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға балалардың ұйқы тәртібін алдын ала қалыпқа келтіруге кеңес берді, деп ult.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандардың мәліметінше, баланың жасына қарай қажетті ұйқы ұзақтығы әртүрлі болады. 6-12 жастағы балалар тәулігіне 9-12 сағат тынығуы керек. Ал 13-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге 8-10 сағат ұйқы қажет.
Дәрігерлер тек ұйқы ұзақтығына емес, оның тұрақты режиміне де мән беру керектігін айтады. Оқушының күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуы ағзаның жаңа оқу кестесіне тез бейімделуіне көмектеседі.
Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бірінші сынып оқушылары үшін демалыстың маңызы зор. Егер бала сабақтан кейін қатты шаршайтын болса, алғашқы апталарда оған күндіз екі сағатқа дейін қосымша тынығуға мүмкіндік беруге болады.
Жазғы демалыс кезінде балалардың ұйқы режимі жиі бұзылады. Сондықтан кеш жатуға үйренген баланы бір күнде ерте ұйықтатуға тырыспай, жату және ояну уақытын біртіндеп өзгерткен дұрыс.
Министрлік кешкі уақытта гаджеттерді пайдалануды шектеуге де кеңес береді. Ұйықтар алдында смартфон мен компьютердің орнына кітап оқу, серуендеу немесе жай әңгімелесу сияқты тыныш әрекеттерді таңдаған жөн.
Сондай-ақ бөлмені алдын ала желдетіп, жайлы температура қалыптастыру маңызды.
Мамандар үй тапсырмасы, қосымша сабақ немесе ойын үшін түнгі ұйқыны қысқартуға болмайтынын ескертеді. Ұйқысы қанбаған оқушының зейіні төмендеп, жаңа ақпаратты қабылдауы мен есте сақтауы қиындайды.