Қазақстанда жаңа оқу жылына мектептердің дайындығын тексеру барысында мыңдаған кемшілік анықталды. Санитариялық талаптардың сақталуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде оларды жою жөнінде 8,4 мың нұсқама берілген, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, маусым айында жүргізілген мониторингке мектептердің 99 пайызы, яғни 7 121 нысан қамтылған. Сонымен қатар мектептердегі медициналық пункттердің 96 пайызы немесе 6 256 нысан, сондай-ақ мектеп-интернаттардың 99,2 пайызы, яғни 262 мекеме тексерілген.
Тексеру нәтижесінде жедел ден қоюдың 287 шарасы қабылданды. Оның ішінде 247 нысанның қызметіне тыйым салынды. Бұл нысандардың 240-ында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған. Ал тағы 7 мектеп апатты жағдайдағы ғимараттарда орналасқаны анықталды.
Бұдан бөлек, 40 нысанның қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданған. Бұған ғимараттардың санитариялық-техникалық жағдайының талапқа сәйкес келмеуі, инженерлік коммуникациялардың ақауы және нысандарды қауіпсіз пайдалануға қажетті жағдайлардың жасалмауы себеп болған.
2026 жылғы 13 тамыздағы жағдай бойынша берілген нұсқамалардың 82,8 пайызы, яғни 6 961 нысан бойынша талаптар орындалған.
Мектеп асханалары да назардан тыс қалған жоқ. Мониторинг барысында тамақтану нысандарының 95 пайызы немесе 6 338 асхана қамтылды.
Денсаулық сақтау министрі жаңа оқу жылында мектеп асханаларында балалардың тамақтану қауіпсіздігіне қойылатын талаптар қатаң сақталуы тиіс екенін атап өтті.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын балалар нысандарында мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі енгізілген. Бұл талаптардың орындалуын нысанға барып бақылауға және қажет болған жағдайда жоспардан тыс тексеру жүргізуге мүмкіндік береді.