МЭКС ұлттық жобасы: Қазақстан инфрақұрылымын жаңғыртудың жаңа кезеңі

МЭКС ұлттық жобасы: Қазақстан инфрақұрылымын жаңғыртудың жаңа кезеңі
stan.kz

Қазақстанның энергетикалық жүйесі ұзақ жылдар бойы жылу электр орталықтарына түсетін жоғары жүктемемен және инженерлік инфрақұрылымның едәуір тозуымен бетпе-бет келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ел энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларын кешенді жаңғыртуға кірісті.

Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба (МЭКС) – Тәуелсіздік жылдарындағы осындай ауқымдағы ең ірі бағдарлама. Биылдың өзінде оны іске асыруға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражат жылу, электр және су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға, сондай-ақ жылу көздерінің жабдықтарын жаңартуға бағытталады.

«Мемлекет басшысы бұл бастаманы Тәуелсіздік жылдарындағы энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларындағы ең ауқымды реформа деп әділ бағалады. Бұл – елдің инфрақұрылымдық негізін жүйелі түрде жаңарту. Үкіметтің осы бағыттағы жұмысын оң бағалаймын. Сенімді инфрақұрылым жаңа өндірістердің іске қосылуына, тұрғын үй құрылысының дамуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына тікелей ықпал етеді. Еркін қуат көздері жоқ, инженерлік желілері тозған әрі апат қаупі жоғары өңірге бизнес инвестиция салмайды. Бағдарламаның жоспар деңгейінен нақты жұмыстар кезеңіне өткені маңызды», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, ҚР ҰКП «Атамекен» басқарушы директоры Жақып Хайрушев.

Ұлттық жобаны іске асырудың алғашқы нәтижелері де көріне бастады. Коммуналдық кәсіпорындар мен табиғи монополия субъектілерінің сегізі дағдарыстық «қызыл аймақтан» шығарылды. Жыл соңына дейін тағы сегіз нысанды осы санаттан шығару жоспарланып отыр.

Биыл Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайтылды. Жобаларды іске асыру үшін жеке және шетелдік инвестициялар тартылды. Биыл мақұлданған қарыз қаражатының жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды. Егер өткен жылы 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделсе, биыл жыл соңына дейін тағы 12 мың шақырым желі жаңартылады.

Сонымен қатар шамамен 1,9 мың шақырым су құбыры және су бұру желілерін қайта жаңғырту, сондай-ақ кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға бағытталған 45 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жаңғырту қарқынын жеделдетуді және бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, келісімшарттар мен оффтейк-келісімдерді уақытылы жасасу, мемлекеттік сараптамадан өтуді жеделдету және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Сонымен қатар жаңа өндірістерді құру және қолданыстағыларын кеңейту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін цифрлық құралдарды енгізу маңызды.

«Әрбір басшы Ұлттық жобаның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу және көзделген барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуы үшін жеке жауап береді. Барлық қолда бар ресурстарды жұмылдыру қажет.

2027 жылға жоспарланған іс-шараларды толыққанды жүзеге асыру үшін дайындық жұмыстарын қазірден бастауымыз керек. Барлық өңір әкімдіктері биылғы 1 қыркүйекке дейін 2027 жылға арналған өз жобалары бойынша өтінімдерді Ұлттық жобаның (МЭКС) электрондық платформасына жолдап, оларды барлық мүдделі тараптармен келісуді қамтамасыз етуі тиіс. Ал барлық конкурстық рәсімдер 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін толық аяқталуы қажет», – деді Олжас Бектенов.

Бағдарламаның маңызды артықшылықтарының бірі – отандық өнеркәсіпті қолдау. Ұлттық жобаны іске асыру қазақстандық құрылыс материалдарына, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерге сұранысты арттырады. Болжам бойынша, 2026–2027 жылдары жобаны жүзеге асыру үшін құрылыс материалдары мен жабдықтарға деген қажеттілік 900 млрд теңгеден асады. Бұл көлемнің едәуір бөлігін отандық тауар өндірушілер қамтамасыз ете алады.

«Ұлттық жобаны іске асырудағы басты басымдықтардың бірі – отандық тауар өндірушілерді қолдау екені маңызды. Бұл – Премьер-министрдің тікелей тапсырмасы. Үкімет басшысы деңгейінде қойылған нақты міндеттер жобаны іске асыруды жеделдетуге әрі оған қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің кеңінен тартылуына мүмкіндік береді.

Ұлттық жоба – отандық тауар өндірушілер үшін жаңа мүмкіндік, ал бүкіл экономика үшін синергиялық тиімділік көзі. Жалақы, салық және жаңа инвестициялар түріндегі қосылған құн еліміздің ішінде қалады», – деді Қазақстанның энергетикалық жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялары және энергетикалық жабдық өндірушілері қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов.

2029 жылға қарай Қазақстанда инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету және коммуналдық нысандардағы апаттар санын 25 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 13 трлн теңге инвестиция салынады. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық секторды дамытуға, ал 6,2 трлн теңге энергетика саласына бағытталады. Жоба аясында 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады, 27 энергия өндіру нысаны салынып немесе жаңғыртылып, 70 коммуналдық кәсіпорын дағдарыс аймағынан шығарылады.

Бүгінгі басты міндет – жұмыстың жоғары қарқыны мен сапасын сақтау. Осы міндет орындалған жағдайда МЭКС инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы ғана емес, Қазақстан экономикасының дамуына серпін беретін негізгі құралдардың біріне айналады.