Меккеге бағытталған дронды Сауд Арабиясы атып түсіргенін мәлімдеді (ВИДЕО)

Меккеге бағытталған дронды Сауд Арабиясы атып түсіргенін мәлімдеді (ВИДЕО)
ашық дереккөз

Сауд Арабиясы хуситтер Йеменнен Меккеге қарай ұшырған дронды әуе қорғанысы жүйелері арқылы атып түсіргенін мәлімдеді. Сауд коалициясының өкілі генерал Түрки әл-Мәликидің айтуынша, дрон қасиетті қалаға кірмей тұрып жойылған, деп хабарлайды ult.kz.

Әл-Мәлики Мекке мен Мәдинадағы қасиетті орындар мен қажылардың қауіпсіздігін «қызыл сызық» деп атады. Оның сөзінше, коалиция хуситтерге қатысты қажетті тежеу шараларын қабылдайды.

Алайда маңызды бір жайт бар: әлеуметтік желілерде тараған дронды ұстап алу видеосының Меккеге қатысты екені әзірге расталған жоқ. Кейбір БАҚ кадрлар 2025 жылы түсірілгенін және видеода Мекке емес, Мәдина бейнеленгенін жазды.

Ал хуситтер Сауд Арабиясының Меккеге қауіп төндірді деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Олар исламның қасиетті орындарына шабуыл жасамайтынын мәлімдеді.

Бұл жағдай Түркия мен Пәкістанның да реакциясын туғызды. Анкара Сауд Арабиясын қолдайтынын білдіріп, мұндай шабуылдарды тоқтатуға шақырды. Ал Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф дрон шабуылын айыптап, Сауд Арабиясының қарулы күштеріне жедел әрекеті үшін алғыс айтты.

Меккеге қатысты бұл мәлімдеме Йемендегі қақтығыстың Сауд Арабиясының аумағына қайта таралып жатқан тұсында жасалып отыр. Соңғы күндері хуситтердің Саудия қалаларына жасаған зымыран және дрон шабуылдарынан 13 адам жараланғаны хабарланған.