Семейде мейрамхана маңында мас күйінде сигналдық тапаншадан екі рет оқ атқан 23 жастағы ер адам әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 23 қыркүйек күні түнгі сағат 02:00 шамасында Момышұлы көшесінде болған. Полиция мәліметінше, қала тұрғыны мейрамханалардың бірінің алдында алкогольдік масаң күйде жүріп, сигналдық тапаншадан аспанға екі рет оқ атқан.
Құқық бұзушыны полицейлер көп ұзамай анықтап, бөлімге жеткізген. Оның Семей қаласының 23 жастағы тұрғыны Никита Боронин екені анықталды.
Оған қоғамдық орында мас күйінде жүру, ұсақ бұзақылық жасау және тыныштықты бұзу фактілері бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті.