Солтүстік Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел жәрдем медбикесіне күш қолданған тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Істі Шал ақын ауданының ауданаралық соты қарады. Айыпталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабының 3-бөлігімен – қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкеріне қатысты зорлық-зомбылық қолданды деген айып тағылды.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 23 маусымда Шал ақын ауданының Ұзынжар ауылы маңында болған. Мас күйде болған сотталушы қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне шабуыл жасап, оны оң жақ қапталынан және іш тұсынан тепкен. Сондай-ақ жәбірленушінің екі білегінен қатты ұстап, дене жарақатын салып, физикалық ауырсыну келтірген.
Айыпталушының заңсыз әрекеті оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінің араласуымен тоқтатылды.
Сот барысында оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, жиналған дәлелдемелермен және өзінің кінәсін мойындаған жауабымен толық дәлелденді.
Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 380-3-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын ол қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.