Мазақтан қорлыққа дейін: Степногорскіде балаларға қысым көрсетілген

Мазақтан қорлыққа дейін: Степногорскіде балаларға қысым көрсетілген
istockphoto.com

Ақмола облысының Степногорск қаласында кәмелетке толмаған балаларға қатысты қорлау фактісі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, екі жасөспірім өздерінен кіші балаларды қорқытып, оларды бір-біріне сүйісуге мәжбүрлеген. Полиция оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы хабарлады.

Ата-аналардың айтуынша, жасөспірімдер балаларды оңаша жерге апарып, қысым көрсеткен. Сондай-ақ болған жағдайды телефонға түсіріп, тікелей эфирде көрсеткені туралы ақпарат бар.

Оқиғаға байланысты полиция тексеру жүргізіп жатқанын растады. Құқық қорғау органдары болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауда.

Ата-аналар арасында бұл оқиға балалар арасындағы буллинг мәселесін қайта көтерді. Олардың пікірінше, мұндай жағдайлардың барлығы бірдей құқық қорғау органдарына жетпейді. Кейбір жағдайда мектептердегі буллинг фактілері тиісті деңгейде тіркелмей қалуы мүмкін.

«Педсоюз.кз» белсенді ата-аналар мен педагогтар қозғалысы блогының әкімшісі Елена Бантикованың айтуынша, мектеп психологтарына түсетін жүктеме көп. Сондықтан олар барлық оқушының мәселесіне дер кезінде көңіл бөле бермейді.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілі Раушан Козкееваның мәліметінше, мектептерде буллингтің алдын алуға бағытталған «ДосболLIKE» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Министрлік дерегіне сәйкес, білім беру ортасында өзін қауіпсіз сезінетін оқушылардың үлесі 2 пайызға артқан. Ал әлеуметтік оқшаулану мен елемеу көрсеткіші 1,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар буллинг жағдайларын анықтау көрсеткіші өскен.

Алайда мамандар буллинг мәселесін тек фактілерді анықтап, кінәлілерді жазалаумен шешу мүмкін емес екенін айтады.

Клиникалық психолог Татьяна Любчанскаяның пікірінше, буллингке қатысушылардың барлығымен – жәбірленушімен де, қысым көрсеткен баламен де, оқиғаны сырттай бақылап, үнсіз қалғандармен де жұмыс істеу қажет.

Маманның айтуынша, қазіргі таңда буллингтің бір бөлігі әлеуметтік желілерге ауысып, оның белгілерін ата-аналар баланың психологиялық немесе физикалық жағдайы нашарлағаннан кейін ғана байқайтын жағдайлар бар.

Сарапшылардың пікірінше, балалар арасындағы әлімжеттіктің алдын алу үшін мектеп, ата-ана, психолог, құқық қорғау органдары және қоғам бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Степногорскідегі оқиға бойынша полиция тексеруінің қорытындысы әзірге белгісіз.