Михаил Козачков Telegram-арнасында халықаралық іздеуде жүрген кәсіпкер Азамат Қапеновтің азаматтығы мен төлқұжаттарына қатысты мәселелерге назар аударды, деп хабарлайды ult.kz.
Козачковтың жазуынша, Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновке Қазақстанда алаяқтық және қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану бойынша күдік келтірілген. Тергеу мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 5 миллиард теңгеден асады. Істі Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі тергеп жатыр.
Сонымен қатар, жақында Мәскеу соты Қапеновті қазақстандық кәсіпорындағы үлесті жымқырды деген күдікпен сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған.
Автордың мәліметінше, қазіргі уақытта Азамат Қапенов Қырғызстан аумағында жүр және өзін осы елдің азаматы ретінде таныстырады. Бұл жағдай оның Қазақстанға немесе Ресейге экстрадициялану процесін қиындатуы мүмкін.
Михаил Козачковтың дерегіне сәйкес, Азамат Қапенов 1978 жылы Қырғызстанның Қаракөл қаласында дүниеге келген, кейін Алматыға көшіп келіп, 2001 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Сол кезде тарихи отанына оралу негізінде Қазақстан азаматтығын рәсімдегендіктен, Қырғызстан азаматтығынан бас тартуы тиіс болған.

Михаил Козачковтың Telegram-арнасыннан
Алайда журналистің айтуынша, Қапенов қазіргі уақытта Қырғыз Республикасының жарамды төлқұжатына ие. Бұл жағдай оның азаматтық мәртебесіне қатысты сұрақтар туындатып отыр.
Козачков Қырғызстанның «Азаматтық туралы» заңына сілтеме жасап, шекаралас мемлекеттердің азаматтығын алған азаматтардың белгілі бір жағдайларда Қырғызстан азаматтығынан айырылатынын атап өтеді. Осыған байланысты автор Қапеновтің Қазақстан азаматтығын алған кезеңде Қырғызстан төлқұжатын сақтап қалуы заң талаптарына қаншалықты сәйкес келгені тексерілуі тиіс деп есептейді.
Сондай-ақ журналист Азамат Қапеновтің әлеуметтік желідегі парақшасында өзін Қырғызстан азаматы болып туғанын және бұл азаматтықтан ешқашан шықпағанын мәлімдегеніне назар аударған.
Михаил Козачков жарияланымының соңында Қырғызстанның құзырлы органдары бұл мәселеге қандай құқықтық баға беретінін күту қажет екенін атап өткен.
Айта кетейік, аталған ақпарат Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жарияланған. Ресми мемлекеттік органдар әзірге Капеновтің Қырғызстан азаматтығы немесе төлқұжаттарының заңдылығына қатысты қосымша түсініктеме берген жоқ.