«Мас» деп қабылдамай қойған: Орал тұрғыны ауруханадан 4 миллион теңге өндіріп алды

«Мас» деп қабылдамай қойған: Орал тұрғыны ауруханадан 4 миллион теңге өндіріп алды
ашық дереккөз

Орал қаласының тұрғыны қайтыс болған әкесіне медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмегені үшін қалалық ауруханадан 4 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп алды. Сот медициналық көмектің кешіктірілуі науқастың өмірін сақтап қалу мүмкіндігінен айырған деген қорытындыға келді, деп хабарлайды ult.kz.

Жоғары соттың мәліметінше, 58 жастағы ер адам кейін жансақтау бөлімінде көз жұмған. Ұлы әкесінің өлімінен кейін полицияға арызданғанымен, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмағандықтан сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған.

Алайда Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті жүргізген тексеру барысында науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылыққа жол берілгені анықталған.

Марқұмның ұлы медицина қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігі әкесінің өліміне себеп болды деп есептеп, аурухана мен емдеуші дәрігерден моральдық зиян өндіруді талап етіп сотқа жүгінген.

Орал қаласының №2 соты науқастың бірнеше рет медициналық көмекке жүгінгеніне қарамастан, дәрігерлер оны мас күйінде деп болжап, қажетті тексеруден өткізбегенін анықтады.

Сот мәліметінше, науқастың ағзасындағы алкоголь мөлшерін анықтайтын ешқандай зерттеу жүргізілмеген. Тек Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына шағым түскеннен кейін ғана ер адам терапия бөліміне жатқызылып, оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылған. Алайда ем басталғанымен, келесі күні науқас көз жұмған.

Аурухана өкілі талап арызбен келіспеген. Ал прокурор талапты ішінара қанағаттандыруды сұраған.

Іс материалдарын саралаған сот медициналық көмектің кеш көрсетілуі науқастың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін азайтқан деген қорытындыға келді.

Сот сондай-ақ әкесінен айырылған талапкердің ауыр моральдық күйзеліске түскенін, ал медицина қызметкерлері жіберген заңбұзушылықтар оның әділетсіздік сезімін күшейткенін атап өтті.

Нәтижесінде талап арыз ішінара қанағаттандырылып, қалалық ауруханадан талапкердің пайдасына 4 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.