Алдын ала болжам бойынша, улануға үй жағдайында дайындалып, тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған үйдің ысталған балығы себеп болған. Ботулизм белгілерімен үш ересек пен бір бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.
Үйде зардап шеккендер жиі құсып, жүрегі айныған. Ауруханаға түскен кезде олардың жағдайы ауыр деп бағаланды. Науқастарда әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көру қабілетінің нашарлауы, тамақтың құрғауы, көздің бұлдырауы және естен тану белгілері байқалды, - деді Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс эпидемиологы Марал Қадыр.
Мамандардың айтуынша, зардап шеккендердің жағдайы ауыр, қазіргі уақытта олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Науқастарға қажетті дезинтоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіліп, арнайы ботулизмге қарсы сарысу егілді.