Латын қарпіне асықпаңыз: Қазақстанда маңдайша мен жарнамаға уақытша шектеу ұсынылды

Латын қарпіне асықпаңыз: Қазақстанда маңдайша мен жарнамаға уақытша шектеу ұсынылды
Liter.kz/Илья Астахов

Қазақстанда ақпараттық тақтайшалар, маңдайшалар мен жарнамаларды латын графикасында орналастыруға уақытша шектеу енгізілуі мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігі жетілдірілген әліпби мен оның емлесі ресми бекітілгенге дейін әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға жаңа жазуды қолдануды тоқтата тұруды ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.

31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасының хабарлауынша, бұл талап меншік нысанына қарамастан барлық ұйымға қатысты болмақ. Яғни мемлекеттік мекемелермен қатар, жекеменшік кәсіпорындар, дүкендер, дәмханалар мен басқа да нысандардың латын графикасындағы көрнекі ақпараттарына да қатысты.

Қазір Қазақстанда қазақ тілінің латын графикасына негізделген ортақ стандарты толық бекітілген жоқ. Соған қарамастан, көптеген кәсіпкерлік нысандар өз атауы мен жарнамасын латынша жазуға көшіп үлгерген. Нәтижесінде бір сөздің әртүрлі жазылуы қалыптасып, әр мекеме өз нұсқасын қолданған.

Мысалы, кейбір жазуларда қазақ тіліндегі дыбыстар ағылшын тілінің үлгісімен берілсе, енді бірінде арнайы таңбалар қолданылған. Осыған байланысты ортақ емле бекітілмей тұрып латын графикасын жаппай енгізу тілдік бірізділікке кері әсер етуі мүмкін.

Министрлік орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жетілдірілген әліпби бекітілгенге дейін барлық ұйымдардың латын графикасындағы көрнекі және өзге де ақпаратын орналастыруды тоқтата тұруды ұсынды.

Қазақстанда латын қарпіне көшу идеясы 2017 жылы көтерілген болатын. Содан бері бірқатар мекеме мен бизнес нысаны маңдайшаларын өзгертіп, латын графикасын қолдана бастады. Алайда әліпби мен емле мәселесі толық шешілмегендіктен, бұл бағытта ортақ стандарт қалыптасқан жоқ.

Қазір қазақ тілінің латын графикасына негізделген жетілдірілген әліпбиі мен емлесін әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандардың айтуынша, түпкілікті нұсқа бекітілгеннен кейін ел аумағындағы жазуларды біріздендіру мәселесі де қайта қаралуы мүмкін.