Латын әліпбиіне көшу. Бұл мәселе мектеп оқушыларына да қозғау салғандай. Жаңаша ойлай білетін зерек оқушыларымызға қанат бітірген. Сондай талапты жастың бірі - оңтүстікқазақстандық Амангелді Жүсіп латын әліпбиінің 3D кітапшасын жасап шығарды.

Бұл бағытта үш ай талаптанып, білімін шыңдаған. Ізденістің арқасында жаңа технология екі аптаның ішінде дайын болды: кітаптың дизайны, әріптердің дауысы, 3d модельдері, бәрі тартымды. Онда AR технологиясы қолданылған.
Технологияның ерекшелігі – смартфондағы қосымша бағдарлама арқылы камераны кітаптың арнайы бетіне қаратқанда оқулықтан 3D модельдегі дүниелер шығады. Кітапша әліпбидің екі үлгісінде де әзірленді.

Әрине, басты ерекшелік – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сай кітапта ұлттық нақыштағы оюлармен жасалуында.
Сондай-ақ, кітапты есту қабілеті нашар оқушылар әріптерді визуалды түрде үйрене алады. Көзі нашар көретіндер әріптердің дауысын есту арқылы жақсы түсінеді. Жаңа технологиялық жоба әзірге, 10 әріппен ғана шектеліп отыр.
– Мектептерге, балабақшаларға барып тәжірибелік сынақтар өткіздім. Бүлдіршіндердің бір кітапқа таласып қалған сәттері де болды. Тіпті әлі сөйлей алмайтын екі жастағы інім әліпбидегі әріптердің дыбыстауларын қайталап үйренуде, – дейді өзі.
Жыл соңына дейін барлық 32 әріпті жасап бітірмек. Егер қолдау болса, қараша айында бәрі дайын болар еді. Тек кітапшамен тоқталмай, латын әліпбиіне арнап анимациялық сериалды мультфильм жасап көрмек ойы да бар.
Бәрі де білімге деген құлшыныстың арқасы шығар. Амангелді бүгінге дейін бірнеше ғылыми жобаға да қатысқан. Қазақтың ұлттық ойыны ақсүйектің компьютерлік нұсқасын да көпшілікке ұсынған-тын.
– Латын әліпбиіне өту арқылы біз көптеген елдермен бәсекелестік қабілетімізді арттырамыз. Егер кішкентайларға қазірден бастап латын әліпбиін үйретсек, балалар ағылшын тілін тез меңгереді. Тіл үйренуге деген кедергі болмас еді. Бұл әліпбиге өту болашаққа бастар нақты қадам, – дейді оқушы замандастарына үн тастай.

«Өнерліге өріс кең». Ойы зерек оқушы «Менің Арманым» интеллектуалды шоуына қатысу үшін Астанаға жол жүріп барады. Бұған дейін жартылай финалға жолдама алып келген еді. Енді алдында финалдық сынға өту міндеті тұр.
Мінекей, жаңа заманның технологияларын меңгеріп өскен осындай оқушыларымыз бар. «Білімдінің жүзі жарық». Біз жас дарынның алдағы жоспарларына сәттілік тілейміз!