Қазақстандық актриса Жанель Мақажан әйелдің нәзіктігі мен қайсарлығы, ана болудың жауапкершілігі туралы жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі әйелдің болмысын бір ғана мінезбен сипаттау мүмкін емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, өмірдегі әр жағдай әйелдің жаңа қырын танытып, бірде нәзіктігін, енді бірде төзімділігі мен батылдығын алға шығарады.
Актриса өзінің де түрлі сезімді бастан кешіретінін жасырмады.
"Кейде әкемнің ерке қызы болсам, енді бір сәтте төрт баласын өсіріп отырған қайсар анамын, ал кейде жылап алып, осалдығымды көрсетуге ерік беремін", – деп жазды ол.
Жанель Мақажан үшін нәзік болу мен қайсарлық таныту – бір-біріне қайшы қасиеттер емес. Әйел кейде өзін қорғансыз сезінсе де, қиын сәтте бойынан күтпеген күш таба алады.
"Меніңше, әйелдің нағыз сұлулығы – барлық болмысын қабылдай алуында. Әйелдің қырық жаны бар деп осыны айтса керек", - деп түйіндеді актриса.
Айта кетейік, Абай Асылхан бұрынғы жарының мәлімдемесіне жауап берді.
Жанель Мақажан кім?
Жанель Мақажан - қазақстандық театр және кино актрисасы. Ол актер әрі режиссер Тимур Мақажановтың қызы. Өнерлі отбасында өскен Жанель көрерменге отандық фильмдер мен телехикаялардағы рөлдері арқылы танылған.
Актриса «Балуан Шолақ», «Еріксіз әке», «Кейінгі өмір» фильмдеріне түскен. Төрт баланың анасы. Әлеуметтік желідегі парақшасында шығармашылығымен қатар, бала тәрбиесі, ана болудың жауапкершілігі және әйелдің ішкі сезімдері туралы ой бөліседі.