Шымкентте пәтерден екі баланың мәйіті табылды

Шымкентте пәтерден екі баланың мәйіті табылды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Шымкенттің «Восток» шағынауданындағы бес қабатты үйдің бір пәтерінде екі бала көз жұмып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілді. Қайғылы оқиға 19 қазанда болған, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, пәтерде болған бес адамның екеуі — кішкентай ұл бала мен 15 жастағы қыз қайтыс болған. Аман қалғандардың арасында үш жастағы сәби де бар. Оның жағдайы ауыр екені хабарланды.

Не жағдай болды? 

 

Оқиға туралы Түркістаннан студент қызын көруге келген әйел хабар берген. Оның айтуынша, пәтерде жағымсыз иіс сезіліп, кейін ондағылар есінен танып қалған. Шамамен алты сағаттан соң есін жиған әйел сол үйде тұратын 27 жастағы келіншектің әпкесіне қоңырау шалған.

Қызын көруге келген ана қайғылы жағдайдан кейін перзентінің мәйітін алып, ауылына аттанған. Ал 27 жастағы әйелдің палатаға ауыстырылғаны айтылды. Жарияланған ақпаратқа сәйкес, ол ұлының қайтыс болғанын әлі білмейді. Оның үш жастағы қызы комада жатыр.

Өлімнің себебі не? 
 

Бастапқыда газ тарауы мүмкін деген болжам қарастырылған. Алайда апаттық қызмет мамандары тексеру кезінде пәтерден газ иісін анықтамаған. Сондықтан балалардың өліміне нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.

Оқиғадан кейін көпқабатты үйлердегі газ құбырларын тексеру жұмыстары күшейтілгені хабарланды. Қайғылы жағдайдың нақты себебі сараптама қорытындысы мен тергеу нәтижесінде анықталады.