Энергетика, өнеркәсіп және экология: Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы нені өзгертеді?

Энергетика, өнеркәсіп және экология: Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы нені өзгертеді?

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының салынуы электр энергиясының тапшылығын азайтуға және отандық өнеркәсіпті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі. Қазақстандық кәсіпорындар ірі тапсырыстарға ие болып, еліміздің оңтүстік өңірлері электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етудің қосымша көзіне қол жеткізе алады. 

«Геоэнергетика» аналитикалық журналының бас редакторы Борис Марцинкевичтің пікірінше, Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында алғашқы атом электр станциясын салу үшін таңдалған орын энергетикалық желілердің орналасуы тұрғысынан тиімді. Бұл аумақ арқылы Қазақстанның солтүстігінен оңтүстігіне электр энергиясын жеткізетін жоғары кернеулі желілер өтеді.

«Электрик ретінде қарастыратын болсақ, Үлкен ауылы арқылы солтүстіктен оңтүстікке қарай жоғары кернеулі электр желілері өтеді. Ал мұнда электр энергиясын өндіретін қосымша көздің пайда болуы, сөзсіз, транзиттің сенімділігін арттырады. Себебі солтүстіктен оңтүстікке дейінгі мың шақырымдық жол бойында электр желілерінің тіректерінен басқа ештеңе жоқ деп айтуға болмайды, бұл жерде қосымша электр энергиясын өндіру көзі пайда болады. Қазақстанның оңтүстігі үшін мұның пайдасы анық. Бұл – энергия тапшылығы бар өңір. Мұндай жағдайды өзгертудің бірден-бір жолы – жаңа электр станцияларын салу», – деді сарапшы.

Маманның түсіндіруінше, еліміздің осы бөлігінде атом электр станциясының салынуы магистральдық электр желілерінің жұмысына да оң әсер етуі мүмкін. Электр энергиясын өндіретін ірі нысан тұтынушыларға неғұрлым жақын орналасса, электр энергиясын алыс қашықтыққа жеткізу қажеттілігі соғұрлым азаяды. Бұл электр желілеріндегі энергия шығынын төмендетуге және электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Марцинкевичтің айтуынша, атом энергетикасының тағы бір артықшылығы – атом электр станциясы ауа райына қарамастан тұрақты түрде электр энергиясын өндіре алады.

«Жел электр станциялары мен күн электр станцияларының да пайдасы зор. Алайда жел соғуы тоқтағанда, жаңа ғана жұмыс істеп тұрған жел электр станциясының кенеттен тоқтап қалуы диспетчерлерге ұнай қоймайтыны анық. Атом электр станциясы басқаша жұмыс істейді. Ол тәулік уақыты мен ауа райы жағдайларына қарамастан электр энергиясын тұрақты өндіреді. Аспанда бұлттың болуы немесе болмауы, күннің жарқырауы не желдің соғуы оған әсер етпейді», – деп түсіндірді физик.

Қазақстандық кәсіпорындар халықаралық нарыққа шыға алады

Марцинкевич атом электр станциясының құрылысын отандық өнеркәсіпті дамытуға ықпал ететін тағы бір маңызды мүмкіндік деп санайды. Оның айтуынша, атом энергетикасына қатысты жобаларға қатысу кәсіпорындардан әдеттегі өнеркәсіптік құрылыс кезіндегіден де жоғары сапалы өнім шығаруды талап етеді. Дегенмен өндірісті жаңғыртуға жұмсалған шығындар жаңа тапсырыстардың есебінен өтелуі мүмкін.

Борис Марцинкевичтің пікірінше, атом электр станциясының құрылысы қазақстандық кәсіпорындарға ірі халықаралық жобаларға қатысуға жол ашады. Сарапшы мысал ретінде Беларусь елін келтірді. Онда атом электр станциясының құрылысына қатысқан жергілікті зауыттар кейін басқа нысандарға да жабдық жеткізу мүмкіндігіне ие болған.

«Беларусьте сегіз зауыт «Росатомның» тек ел ішіндегі ғана емес, шетелдегі де тендерлеріне қатысу құқығын алды. Атом электр станциясының құрылысының арқасында бұл кәсіпорындар өз өнімдерінің сапасын жақсартып, енді басқа электр станцияларына да қажетті жабдықтар мен өнімдерді жеткізе алады. Қазақстан үшін де бұл – жақсы мүмкіндік. Мұндай жобаға қатысу жергілікті өндірушілерге қажетті тәжірибе жинақтап, болашақта халықаралық тапсырыстарға қатысуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.

Сарапшының пікірінше, осындай мүмкіндіктер құрылыс компаниялары үшін де ашылады. Мәселен, Беларусьте атом энергетикасы нысандарында тәжірибе жинақтаған мамандар кейіннен Мысыр, Венгрия және Бангладеш елдеріндегі атом электр станцияларының құрылысына қатыса бастаған.

Қазақстан үшін бұл мәселе жергілікті өндірушілерді алғашқы атом электр станциясының құрылысына тарту жоспарларын ескергенде ерекше өзекті. 2026 жылдың мамыр айында Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған атом өнеркәсібі үшін өндірісті жергіліктендіруді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжат атом энергетикасы жобаларына қатысуға мүмкіндік беретін отандық өнеркәсіптік базаны дамытуды көздейді.

АЭС көмір энергетикасына тәуелділікті азайтуға көмектеседі

Қазақстанның Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов та атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясын өндіру көлемін арттырып қана қоймай, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларына тәуелділікті біртіндеп азайтуы қажет. Көмірмен электр энергиясын өндіру қоршаған ортаға айтарлықтай кері әсер етеді. Атом энергетикасы зиянды шығарындыларды азайтуға және елді электр энергиясының тұрақты көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе кәсіпорындары үздіксіз электрмен жабдықтауды қажет ететін өнеркәсіп саласы үшін өте маңызды», – деді Сергей Агафонов.

Сарапшының пікірінше, атом электр станциясының басты артықшылықтарының бірі – жыл мезгілі мен ауа райы жағдайларына қарамастан, тәулік бойы электр энергиясын өндіру мүмкіндігі. Бұл әсіресе электрмен жабдықтаудағы үзілістер өндірістің тоқтап қалуына әкелуі мүмкін ірі өнеркәсіп кәсіпорындары үшін аса маңызды.