Ку-клукс-клан қалай құрылды? Әлемді дүр сілкіндірген құпия ұйымның тарихы

Ку-клукс-клан қалай құрылды? Әлемді дүр сілкіндірген құпия ұйымның тарихы
Фото: Getty imeges

Ку-клукс-клан – әлем тарихындағы ең атышулы әрі ең даулы құпия ұйымдардың бірі. Ақ түсті шапан мен үшкір қалпағымен танылған бұл ұйым кезінде миллиондаған адамды өз қатарына тартып, қоғам мен саясатқа елеулі ықпал етті, деп хабарлайды ult.kz.

Ку-клукс-клан қалай пайда болды және қалай жанданды?

АҚШ тарихында Ку-клукс-клан ұйымы үш рет құрылған. Алғашқы Ку-клукс-клан 1861–1865 жылдардағы Азамат соғысы аяқталғаннан кейін пайда болды. Оны АҚШ-тың Теннесси штатындағы Пуласки қаласында Конфедерация армиясының алты бұрынғы офицері құрған. 

Ұйым мүшелері бет-жүзін жасыратын үшкір төбелі ақ түсті шапан мен қалпақ киді. Бұл киім үлгісі «Мальта ұлдары» атты құпия ұйымнан алынған болатын. Алғашқы кезде Ку-клукс-клан масондарға еліктейтін немесе оларды әжуалайтын жабық клуб іспетті болды. Алайда ұйымға адамдар көбейген сайын оның идеологиясы түбегейлі өзгерді.

Ку-клукс-клан ақ нәсілдің үстемдігін насихаттап, Азамат соғысында жеңіске жеткен Солтүстік билігін қолдаған саясаткерлерді, сондай-ақ қоғамдық-саяси белсенділік танытқан афроамерикалықтарды қорқытып-үркітіп, ұрып-соғып, тіпті өлтіре бастады. Мұндай әрекеттер әсіресе 1868 жылғы президенттік сайлау қарсаңында күшейді.

Ұйымның жетекшісі ретінде Конфедерация армиясының бұрынғы генералы Натан Бедфорд Форрест танылды. Ол 1869 жылы Ку-клукс-кланды тарату туралы бұйрық бергенімен, ұйымның қызметі толықтай 1872 жылы ғана тоқтады. Бұған Оңтүстік Каролина штатында өткен сот процестері себеп болды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін үшінші Ку-клукс-клан пайда болды. Ол бүгінгі күнге дейін жеке-жеке әрекет ететін шағын топтар түрінде өмір сүріп келеді. 2017 жылғы мәлімет бойынша АҚШ-та шамамен 3 мыңға жуық куклуксклан мүшесі болған.

Алайда осы үш ұйымның ішіндегі ең ықпалдысы әрі ең көп мүшесі болғаны – екінші Ку-клукс-клан еді. Оның ең шарықтау кезеңінде миллиондаған америкалық ақ түсті шапан мен үшкір қалпақ киіп, ұйым қатарына қосылды.

Томас Диксон және нәсілшіл идеялардың таралуы

XX ғасырдың басында бұрынғы баптист шіркеуінің пасторы, танымал лектор Томас Диксон театрда Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың лашығы» шығармасының сахналық қойылымын тамашалайды. Қойылымдағы құлдыққа қарсы идеялар оны қатты ашуландырып, ол «Оңтүстіктің шынайы тарихын» жазуға бел буады.

1902 жылы Диксонның «Барстың дақтары» атты алғашқы романы жарық көрді. Шығармада бұрынғы құл Томның орнына Конфедерация армиясының ақ нәсілді бұрынғы жауынгері бейнеленіп, оның отбасын қара нәсілділер қорлайды деген сюжет ұсынылды.

Кітаптың негізгі идеясы – қара нәсілділерді қылмысқа бейім, өзгермейтін қауіпті адамдар ретінде көрсету болды. Бұл шығарма қоғамда үлкен сұранысқа ие болып, жарты жылдың ішінде 100 мыңнан астам данамен сатылды.

1905 жылы оның жалғасы саналатын «Клан мүшесі» романы жарық көрді. Бұл кітап алғашқы Ку-клукс-кланның мүшесі болған ағасы Лерой Макафидің құрметіне арналды. Сонымен қатар жазушының әкесі де Азамат соғысына дейін ірі құл иеленуші болып, алғашқы Ку-клукс-клан құрамында болған.

«Ұлттың дүниеге келуі» фильмі

1915 жылы режиссер Дэвид Уорк Гриффит Диксонның романдары негізінде «Ұлттың дүниеге келуі» атты үнсіз фильм түсірді.

Бұл туынды кинематография тарихындағы маңызды жаңалықтардың бірі саналды. Үш сағатқа созылған фильмде сол кезең үшін тың саналатын ірі пландар, монтаж тәсілдері, ауқымды шайқас көріністері және арнайы жазылған оркестрлік музыка қолданылды.

Фильмді түсіруге сол кездегі есеппен 100 мың доллардан астам қаржы жұмсалды. Кейін ол кемінде 20 миллион доллар табыс әкеліп, өз дәуіріндегі ең көп касса жинаған фильмдердің біріне айналды.

Алайда фильмнің мазмұны нәсілшіл көзқарасты дәріптеп, Ку-клукс-клан мүшелерін қаһарман ретінде көрсетті. Осы фильм мен Томас Диксонның кітаптары АҚШ қоғамында Азамат соғысына қатысты «Lost Cause» («Жоғалған іс» немесе «Жоғалған мұрат») деп аталатын идеологияның кең таралуына ықпал етті.

Бұл теория бойынша Конфедерация әскері құлдық үшін емес, штаттардың дербестігі үшін күрескен, ал құл иеленушілер мен құлдардың арасында үлкен қайшылық болмаған деген жалған тарихи түсінік насихатталды. Нәтижесінде оңтүстіктің бұрынғы құл иеленуші қоғамы ақталып, Ку-клукс-кланның қайта жандануына қолайлы жағдай қалыптасты.

Уильям Симмонс – екінші Ку-клукс-кланның негізін қалаушы

Екінші Ку-клукс-клан 1915 жылы, «Ұлттың дүниеге келуі» фильмі жарыққа шыққан жылы қайта құрылды. Ұйымның нақты құрылған күні мен орны белгілі: 1915 жылдың 25 қарашасы, АҚШ-тың Джорджия штатындағы Стоун тауы.

Ку-клукс-кланды қайта жандандырған адам – Уильям Джозеф Симмонс болды.

Ол 1880 жылы Алабама штатындағы Харперсвилл қаласында дәрігердің отбасында дүниеге келген. Әкесінің жолын қуып, медицина саласына бармақ болғанымен, қаржы тапшылығына байланысты оқуын аяқтай алмады. Кейін Испан-Америка соғысына қатысып, өз сөзінше полковник шеніне дейін көтерілген.

Соғыстан кейін Симмонс Оңтүстік методистік епископтық шіркеуінде уағызшы болып қызмет етті. Бұл шіркеу Солтүстіктегі методистерден айырмашылығы – бұрын құл иеленуді қолдаған еді. Алайда 1912 жылы Симмонс шіркеуден шығарылып, әртүрлі протестанттық бауырластық ұйымдарға мүше болды.

Ку-клукс-кланның қайта дүниеге келуі

«Ұлттың дүниеге келуі» фильмі Симмонсқа ерекше әсер етті. Көп ұзамай ол жол-көлік оқиғасына түсіп, ауруханаға түседі. Дәл сол жерде жатып Ку-клукс-кланды қайта құру туралы шешім қабылдайды.

1915 жылдың 25 қарашасында кешке Симмонс 15 серігімен бірге Стоун тауына көтерілді.

Олар шағын құрбандық үстелін жасап, оған АҚШ туын, Інжілді және жалаң қылышты қойды. Кейін ағаштан жасалған айқышты өртеп, адамдардың бауырластығы туралы сөз сөйлеп, өзін Ку-клукс-кланның «Ұлы сиқыршысы» (Grand Wizard) деп жариялады.

Осылайша АҚШ тарихындағы ең ықпалды әрі ең көп мүшесі болған екінші Ку-клукс-клан дүниеге келді. 

Симмонс Ку-клукс-кланға арнайы жарғы дайындады. Ол «Клоран» (Kloran) деп аталды.

Ұйым мүшелері көптеген сөздерді әдейі «К» және «Kl» әріптерімен өзгертіп қолданатын. 

Бастапқы кезде ұйымға тек АҚШ-та туған, ақ нәсілді, протестант ер адамдар ғанақабылданды.

Алғашқы бірнеше жыл ішінде Ку-клукс-клан баяу дамыды. Бірақ 1920 жылдың 7 маусымында бәрі өзгерді.

Симмонс ұйымды жарнамалаумен айналысатын Southern Publicity Association агенттігімен келісімшарт жасасты.

Бұл агенттікті Эдвард Янг Кларк пен Мэри Элизабет Тайлер басқарды. Олар әрбір жаңа мүшеден алынатын жарнаның белгілі бір бөлігін алып отырды.

Арнайы жалданған үгітшілер АҚШ-тың әр түкпірін аралап, адамдарды Ку-клукс-кланға кіруге шақырды. Олар сапар шығындары, қонақүй, пойыз билеттері, тамақтану және басқа да шығындар туралы тұрақты есеп беріп отырған.

Жаңа мүшелерді тарту үшін түрлі жарнамалық ұрандар пайдаланылды. Солардың ішінде:

«Мықты мінезді, ақылды адамдарға арналған жоғары деңгейлі ұйым»;

«Жоғары тапқа арналған таңдаулы орден» деген ұрандар кең тарады. Ку-клукс-кланға кіру жарнасы 10 доллар болды. Бұл қаржының бір бөлігі ұйым басшылығына, бір бөлігі үгітшілерге, қалғаны ұйымның жұмысына жұмсалды. Сонымен қатар Эдвард Кларк арнайы ақ түсті шапандар мен үшкір қалпақтарды сататын кәсіптің де иесі болды.

Нәтижесінде бар болғаны 16 айдың ішінде ұйымға 85–100 мың адам қосылды. Кларк пен Симмонс Ку-клукс-кланның негізгі идеологиясын қалыптастырды. Ұйым өздерін АҚШ-ты түрлі «жаулардан» қорғайтын күш ретінде көрсетті. Олар:

афроамерикалықтарға;

еврейлерге;

католиктерге;

иммигранттарға;

коммунистерге;

маскүнемдерге;

жезөкшелікпен айналысатын әйелдерге;

Чарльз Дарвиннің эволюция теориясын қолдаушыларға қарсы күрес жүргізетінін мәлімдеді. Шын мәнінде ұйым АҚШ-та туған ақ нәсілді протестанттардан басқа халықтардың бәріне күдікпен қарап, оларды қоғамға қауіп ретінде сипаттады. Ку-клукс-клан өзін «Көрінбейтін империя» деп атады. Ұйым күрделі басқару жүйесін құрды. Ол бірнеше деңгейге бөлінді:

Империя;

аймақтар;

доминиондар;

провинциялар;

жергілікті бөлімшелер.

Басшылардың да атақтары ерекше болды. Олар:

Ұлы сиқыршы;

Ұлы айдаһар;

Ұлы титан;

Ұлы циклоп;

Ұлы алып сияқты атақтарды қолданды.

Жаңа мүшелер арнайы рәсім арқылы қабылданып, ұйымға адал болуға ант беретін. 1921 жылы New York World газеті Ку-клукс-кланның қызметін әшкерелейтін мақалалар сериясын жариялады. Онда ұйымның нәсілшіл идеологиясы, зорлық-зомбылық әрекеттері, шенеуніктермен байланысы және мүшелік жарна арқылы жиналған орасан зор қаржы туралы айтылды. Бұл мақалалар кейін Пулитцер сыйлығына ие болды.

АҚШ Конгресінде арнайы тыңдау ұйымдастырылғанымен, ол Ку-клукс-кланның ықпалын әлсірете алмады. Керісінше, ұйым туралы ақпараттың кең таралуы оған қосылатындардың санын арттырды.

Тыңдаулардан кейін Ку-клукс-кланға күн сайын шамамен 5 мың адам мүше болып отырған.

1920-жылдардың басында ұйым құрамында 2 миллионнан астам адам болса, 1924 жылға қарай олардың саны 3 миллионға жуықтады.

Жасырын ұйымнан ықпалды күшке айналды

1920-жылдардың ортасына қарай Ку-клукс-клан АҚШ-тағы ең ықпалды қоғамдық-саяси ұйымдардың біріне айналды. Миллиондаған мүшесі бар ұйым тек үгіт-насихатпен ғана шектелмей, көптеген штаттардағы қоғамдық өмір мен саясатқа тікелей араласа бастады.

Клан мүшелері өздерін заңнан жоғары қойып, адамдарды өз бетінше «жазалауға» құқылымыз деп санады. Олар соттың немесе құқық қорғау органдарының шешімін күтпестен, өздері кінәлі деп тапқан адамдарға күш көрсетіп, жазалау әрекеттерін жүзеге асырды. Зорлық-зомбылық ұйымның негізгі құралына айналды. Ку-клукс-клан мүшелері афроамерикалықтарды ғана емес, өздері «жау» санаған кез келген адамды нысанаға алды.

Қуғынға ұшырағандардың қатарында:

қара нәсілді азаматтар;

еврейлер;

католиктер;

иммигранттар;

ұйымға қарсы шыққан ақ нәсілділер;

мораль талаптарын бұзды деп айыпталған адамдар болды.

Оларды ұрып-соғу, қамшымен сабау, қорқыту, үйлеріне шабуыл жасау, тіпті өлтіру оқиғалары жиі кездесетін. Көптеген оңтүстік штаттардағы діни қызметкерлердің бір бөлігі Ку-клукс-кланды ашық қолдады. Бұл ұйымның әрекеттеріне қоғам алдында белгілі бір дәрежеде «заңдылық» сипат беріп, ықпалын күшейтті. 1921 жылдың 31 мамыры мен 1 маусымы аралығында Оклахома штатындағы Талса қаласында АҚШ тарихындағы ең ірі нәсілдік қақтығыстардың бірі болды. Әртүрлі деректер бойынша онда 39 адамнан 300 адамға дейін қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған. Бұл оқиғаға жергілікті Ку-клукс-клан жетекшілерінің бірі Уайетт Тейт Брэйди белсенді қатысқан.

1922 жылы католик дінін ұстанатын ағайынды Эльдуайендерге ондаған клан мүшесі шабуыл жасап, оларды күштеп ұстап әкеткен. Кейін қарулы қақтығыс кезінде клан мүшелерінің бірі Мед Мошер қаза тапты. Ұйым оны «батыр» ретінде жерледі.


Сол жылдың қазан айында Канзас штатындағы Либерти қаласының мэрі Теодор Ширлман католик болғаны үшін ұрланып, орманға апарылып, қамшымен бірнеше ондаған рет сабалды. Кейін ол сотқа шағымданғанымен, небәрі символикалық көлемде ғана өтемақы алды.

Ку-клукс-клан әйелдерді де аяған жоқ

Флорида штатында үйленгеніне қарамастан басқа әйелмен кездескен жүргізуші аяусыз соққыға жығылды.

Кейбір штаттарда әйелдерді «арсыз мінез-құлық көрсетті» немесе «шіркеуге бармайды» деген желеумен қамшымен сабады. Алабамада ажырасқаннан кейін қайта тұрмысқа шыққан әйел жазаланып, кейін оған жарасын емдеу үшін мысқыл ретінде вазелин құтысын сыйлаған. Джорджия штатында «әдепсіз өмір сүрді» деп айыпталған әйел 60 дүре жеді. Анасына араша түскен 15 жастағы ұлы да дәл сондай жазаға тартылды. Оклахома штатында жігіттермен көлікке отырған қыздардың өзі клан мүшелерінің шабуылына ұшырап отырған. Ку-клукс-клан әсіресе Индиана, Огайо, Техас және Пенсильвания штаттарында ерекше ықпалға ие болды. Индиана штатында ұйым мүшелерінің саны 240 мың адамға жетсе, Огайода – 195 мың, Техаста – 190 мың, Пенсильванияда – 150 мыңға жуықтады. Мұндай қолдау ұйымның саясатқа араласуына жол ашты.

1922 жылы демократиялық партия өкілі Эрл Брэдфорд Мэйфилд Ку-клукс-кланның қолдауының арқасында АҚШ Сенатына сайланды. Кейін ұйым қолдаған Бибб Грейвз Алабама губернаторы атанса, Хьюго Блэк осы штаттан сенатор болды. 1920-жылдары АҚШ Өкілдер палатасының кемінде 75 депутаты Ку-клукс-кланның қолдауымен сайланғаны айтылады. Ұйымның ең күшті бөлімшесі Индиана штатында жұмыс істеді. 1923 жылдың жазында дәл осы штаттағы Кокомо қаласында АҚШ тарихындағы Ку-клукс-кланның ең ірі жиыны өтті. Қала халқы небәрі 30 мың адам болғанына қарамастан, Тәуелсіздік күні мерекесіне шамамен 200 мың клан мүшесі жиналды.

Сол жылы Индианадағы ұйым орталық басшылықтан бөлініп шығып, оны Дэвид Кертис «Стив» Стивенсон басқарды. Ол мүшелік жарнаның бір бөлігін өз бақылауына алып, кланның арнайы киімдерін сатудан да табыс тауып отырды. Орегон штатында Ку-клукс-кланның қысымымен үш католик мұғалім қызметінен қуылды.

1922 жылы ұйым мемлекеттік мектептерден басқа білім беру орындарына тыйым салатын заңның қабылдануына ықпал етті. Бұл заң негізінен католиктік мектептерге қарсы бағытталды. Алайда 1925 жылы АҚШ Жоғарғы соты бұл заңды Конституцияға қайшы деп таныды. 1924 жылғы Демократиялық партияның съезінде сенатор Оскар Андервуд партия бағдарламасына Ку-клукс-кланды айыптайтын тармақ енгізуді ұсынды. Алайда дауыс беру кезінде бұл ұсыныс қабылданбай қалды. Оған бар болғаны бір дауыс жетпеді. Бұл жағдай сол кезеңде Ку-клукс-кланның АҚШ саясатындағы ықпалы қаншалықты күшті болғанын көрсетті. 1925 жылы ұйымның беделіне ауыр соққы болған оқиға орын алды.

Индианадағы Ку-клукс-кланның жетекшісі Дэвид Кертис «Стив» Стивенсон өзінің көмекшісі Мэдж Оберхольцерге қарсы ауыр қылмыс жасады. Бұл іс бүкіл елді дүр сілкіндіріп, ұйымның беделін күрт түсірді.

1925 жылы Ку-клукс-кланның беделіне орны толмас соққы болған оқиға орын алды. Бұл жанжал ұйымның ең ықпалды жетекшілерінің бірі – Индиана штатындағы Ку-клукс-кланның басшысы Дэвид Кертис «Стив» Стивенсонның атымен байланысты болды. 1925 жылдың 15 наурызында Стивенсон заң шығарушы органның сессиясы кезінде өзінің көмекшісі болып жұмыс істеген Мэдж Оберхольцерді үйіне шақырды. Тергеу материалдарына сәйкес, ол қызды күшпен алкоголь ішуге мәжбүрлеген. Кейін қарумен қорқытып, жеке пойызымен Чикагоға алып кеткен. Жол бойында оған ауыр жыныстық зорлық көрсетіп, денесін бірнеше жерден тістеген. Өзін қорланған әрі шарасыз сезінген Мэдж Оберхольцер кейін сынап хлориді (сулема) қосылған улы затты ішіп, өзіне қол жұмсауға әрекет жасады. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Алайда қайтыс болар алдында ол полицияға болған оқиғаның бәрін егжей-тегжейлі жазып беріп үлгерді.

Бұл жазбаша куәлік кейін соттағы ең маңызды дәлелдердің біріне айналды. Стивенсонға қатысты қылмыстық іс АҚШ қоғамының назарын өзіне аударды. Сот барысында оның тек бір адамның ғана емес, тұтас ұйымның ықпалын пайдаланып келгені белгілі болды. Стивенсон көптеген саясаткердің, прокурордың, судьяның және полиция қызметкерлерінің Ку-клукс-кланмен байланысы бар екенін айтып, олардың есімдерін жариялай бастады. Бұл мәліметтер қоғамда үлкен резонанс туғызды. Стивенсонның мәлімдемелерінен кейін Индиана штатындағы ондаған шенеунікке қатысты тергеу жүргізілді. Белгілі болғандай, көптеген мемлекеттік қызметкер Ку-клукс-кланның қолдауымен қызметке келген немесе ұйымнан саяси әрі қаржылық көмек алған. Осылайша жұртшылық ұйымның ықпалы тек көшедегі шерулермен шектелмегенін, оның мемлекеттік билікке дейін еніп кеткенін көрді.

1925 жылдың қарашасында сот Дэвид Стивенсонды кінәлі деп таныды. Ол Мэдж Оберхольцердің өліміне себепкер болғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Кейінірек оның жазасы жеңілдетіліп, шамамен 30 жыл түрмеде отырғаннан кейін шартты түрде босатылды.

Ку-клукс-кланның беделі күрт төмендеді

Стивенсон ісінен кейін Ку-клукс-кланға деген қоғамдық сенім бірден әлсіреді.

Ұйым өзін бұрыннан «отбасылық құндылықтарды қорғайтын», «мораль мен тәртіпті сақтайтын қозғалыс» ретінде көрсетіп келген еді.

Алайда оның беделді жетекшісінің ауыр қылмыс жасағаны ұйымның екіжүзділігін айқын көрсетті. Мыңдаған адам Ку-клукс-клан қатарынан шығып кетті. 1920-жылдардың ортасында ұйым құрамында шамамен 3–4 миллион адам болса, бірнеше жылдың ішінде мүшелер саны күрт азайды. 1930 жылдардың басына қарай Ку-клукс-клан бұрынғы ықпалынан айырылып, көптеген жергілікті бөлімшелері жабылды. Ұйымның қаржылық жағдайы да нашарлап, жетекшілер арасында билік үшін тартыс күшейді.

Екінші Ку-клукс-клан біртіндеп ыдырап кеткенімен, оның идеялары толық жойылып кеткен жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-та ұйымның үшінші толқыны пайда болды. Бірақ ол бұрынғыдай миллиондаған мүшесі бар қозғалысқа айнала алмады. Қазіргі таңда Ку-клукс-клан бірыңғай ұйым емес. Ол бірнеше шағын, бір-біріне тәуелсіз әрекет ететін экстремистік топтарға бөлінген. Екінші Ку-клукс-клан АҚШ тарихындағы ең ықпалды радикалды ұйымдардың бірі саналады. Оның қатарына миллиондаған адам кіріп, саясатқа, құқық қорғау жүйесіне және қоғамдық өмірге елеулі ықпал етті. Алайда ұйым жетекшілерінің жемқорлығы, ішкі тартыстары және әсіресе Дэвид Стивенсонға қатысты атышулы қылмыстық іс оның беделіне орны толмас соққы болып тиді. 

1925 жылғы жанжалдан кейін Ку-клукс-кланның ықпалы тез әлсіреп, ұйым бұрынғы қуатынан айырылды. Соған қарамастан оның нәсілдік және діни өшпенділікке негізделген идеологиясы АҚШ тарихындағы ең қаралы беттердің бірі ретінде бағаланады.