Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы күндері Құрылтай депутаттарына қатысты, оның ішінде тұрғын үй мәселесі төңірегінде тараған алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз айыптауларға қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство басшысы бұл жағдайдың соңы әлеуметтік желідегі буллингке ұласып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Министрдің ресми хабарламасындағы негізгі түйіндер:
Тұрғын үй беру тәртібі: Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің баспана мәселесін жүйелі түрде шешіп келеді. Алғашқы жылдары пәтерлер редакциялар ұсынған тізім бойынша үлестірілсе, қазіргі таңда қолданыстағы қағидаларға сәйкес — меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ қызметкерлерге ғана беріледі.
Түсіндіру жұмыстары: Түсінбеушілікке жол бермеу үшін мемлекеттік орган өкілдері мен Құрылтай депутаттары БАҚ-ты қызықтырған сұрақтарға мүмкіндігінше ашық әрі жедел түсініктеме беруі тиіс.
Журналистік әдеп және Заң талаптары: Аида Балаева БАҚ өкілдерін кәсіби әдеп нормаларын сақтауға шақырды. Жеке басқа тиісу, айла-шарғы жасау және арзан сенсация қуып арандату кәсіби журналистің болмысына жат. Сонымен қатар «Масс-медиа туралы» Заңның 26-бабына сәйкес, әдеп нормаларын сақтау — журналистің тікелей міндеті екенін еске салды.
Министр сөз соңында барша БАҚ өкілдерін өзара сыйластыққа, іс-шаралар регламенті мен аккредиттеу қағидаларын қатаң сақтауға шақырды. Әдеп нормалары бұзылған жағдайда тиісті шаралар көзделгенін де атап өтті.