Ресейдің Ставрополье өлкесінде «Грузия – Мәскеу» бағытындағы автобус жол апатына ұшырап, бес адам қаза тапты. Тағы 24 адам зардап шекті. Олардың арасында бес бала бар, біреуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Апат түнгі сағат бір шамасында Иноземцево елді мекені маңындағы «Кавказ» тасжолында болған. Setra автобусы алдында келе жатқан КамАЗ жүк көлігіне соғылып, кейін жолдан шығып, шұңқырға түсіп кеткен.
Зардап шеккендердің барлығы Пятигорск қаласындағы ауруханаларға жеткізілді. Төрт баланың жағдайы қанағаттанарлық, ал бір бала жансақтау бөлімінде жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі КамАЗ-ға дейінгі жылдамдық пен арақашықтықты дұрыс есептемеген. Қазір жол апатының нақты себептері мен мән-жайын жол полициясы мен тергеушілер анықтап жатыр.