Танымал актер Қайрат Әділгерей әншілердің сахналық образына қатысты пікір білдіріп, қара көзілдірікпен өнер көрсетуді сынға алды, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі «Хабар» арнасындағы «Жұлдызды жекпе-жек» бағдарламасында Қобыланды Болаттың образына тоқталған.
"Той болсын, сахна болсын бәрі көзілдірік киіп жүреді. Негізі этикет бойынша ол күннен қорғайтын зат. Халық эмоцияны көз арқылы сезіп, біледі", - деді актер.
Қайрат Әділгерейдің бұл пікірі әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Бірқатар желі қолданушысы актердің сөзін қолдап, қара көзілдіріктің әншінің эмоциясын жасыратынын жазды. Олар бұрын өнерпаздардың сахнаға шығарда көзілдірігін шешуі қалыпты мәдениет саналғанын алға тартқан.
Дегенмен талқылауға қатысқандардың арасында мұндай сын барлық өнерпазға бірдей айтылуы керек деп есептейтіндер де болды. Кейбірі сахнада қара көзілдірік тағатын басқа танымал әншілерді мысалға келтірген.
Осылайша, Қайрат Әділгерейдің пікірі желіде сахналық образ бен өнердегі этикетке қатысты жаңа пікірталасқа себеп болды.
Қобыланды Болат кім?
Қобыланды Болат - қазақстандық актер, әнші әрі автор. Ол 1994 жылы Павлодар облысының Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы Баянауылда өтіп, өнерге ерте жастан қызығушылық танытқан. Қобыланды Болат сұхбаттарының бірінде бала кезінен әнші әрі актер болуды армандағанын айтқан. 2009 жылы П. Чайковский атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық колледжге түсіп, "Музыкалық білім беру" мамандығы бойынша төрт жыл білім алған. Кейін 2013–2017 жылдары Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып, "Театр және кино" факультетін тәмамдады.
Өнер жолын театр мен кино саласында қатар жалғастырған Қобыланды Болат қалың көрерменге әсіресе "5:32" сериалы арқылы кеңінен танылды. Ол бұл жобадағы рөлінен кейін актер ретінде үлкен аудиторияның назарын аударды. Сериалда бірге жұмыс істеген Мансұрмен "Жарық" әнін шығарған, оның музыкасын Қобыланды Болаттың өзі жазған.
Кейін өнерпаз әншілік бағытқа да белсенді бет бұрып, KOBA сахналық атымен шығармашылығын дамыта бастады. Оның ресми парақшасында "5:32", "Миссия выполнима", "Няня. Бизнес по-кыздарски", "Завод", "Так получилось", "Коба", "Капитан Байтасов" секілді бірқатар кино және сериал жобалары көрсетілген.
Қобыланды Болат дубляж саласында да өзін сынап көрді. Ол Disney студиясының "Моана 2" анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасында жартылай құдай Мауи кейіпкерін дыбыстаған. Осы арқылы оның актерлік қырымен қатар вокалдық және дыбыстау шеберлігі де көрінді.
Бүгінде Қобыланды Болат кино, театр және музыка салаларын қатар алып жүрген жас өнерпаздардың бірі. Оның шығармашылығында актерлік пен әншілік өзара ұштасып, KOBA бейнесі арқылы тыңдарманға заманауи музыкалық бағыт ұсынып келеді.