Қазақстандық коуч Роза Әшірбаева әлеуметтік желідегі жазбасында «келін» сөзінің орнына әйелдің қазіргі қоғамдағы мәртебесіне сай жаңа атау ойлап табуды ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.
Оның пікірінше, «келін» сөзі бүгінде немқұрайлық, мысқыл және кемсіту реңкін тудырады. Коуч бұл сөздің қолданыстан шығып, бір күні тарихта ғана қалуын қалайтынын жазды.
«“Келін” деген сөз күндердің бір күні “ұршық”, “кебеже”, “бүлдіргі” деген сөздер сияқты тек қана тарихта қалғанын қалаймын», – деп жазды Роза Әшірбаева.
Ол әйелдің қоғамдағы және отбасындағы мәртебесі өзгеріп жатқанын атап өтіп, жаңа атау қажет екенін айтты.
Коуч ағылшын тіліндегі daughter-in-law ұғымына ұқсас балама атау қарастыруды ұсынды.
«Жаңа сөз ойлап табайықшы. Әйелдің тарихтағы, қоғамдағы статусы өзгеруде. Жаңа сөз керек», – деді ол.
Жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында «келін» сөзінің мағынасы мен қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі туралы пікірталас тудырды.
Бір қолданушы бұл сөзді батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да ұнатпағанын жазды.
"Келін деген сөзді батыр атамыз Бауыржан Момышұлы ұнатпайтын болған! Келін деген- келімсек, келгінді деген сөзге таяйды- деп! Өз марқұм әкем келінін - балам дейтін!"
Енді бірі "тұрмысқа шығу" сөзін де қолданыстан алып тастау керек деді.
"Дұрыс айтасыз, сосын тұрмысқа шығу деген сөзді де құрту керек, тұрмыс деген сөздің өзі тірлік, шаруа деген мағынаны білдіреді, сонда қыздар күйеуге шықпайды, тірлік жасау үшін, шаруа жасау үшін барады біреудің үйіне деген сөз ғой. Күйеуге шығу деген дұрыс болады!"
Сондай-ақ автордың ойымен келіспегендер де болды.
"Туыстық атау емес па ол? Әйелді қолданыстан шыққан заттармен қатар қойып, затқа теңегеніңіз бе?
Келін, жезде, бажа, ажын, бәрі туыстық атау ғой. Біздің ұлттың отбасылық институты құлдырап, осылай далбасалап кеткенімізге сыртқы және ішкі факторлар да әсер етті.
Роза, сіз де бір әулетке келінсіз ғой. Ертең бұйыртса келіндеріңіз болады. Қазақ қоғамына батыстың идеологиясын тықпаламаңызшы. Өзіміздің кінәміз "келін" деген сөздің қасиетін құртып алған", - деп жазду қолданушы.