Колумбияда күшті жер сілкінісінен зардап шеккен қалаларда құтқару жұмыстары түні бойы жалғасты. Апаттан әсіресе елдің «кофе үшбұрышы» атанған аймағындағы Кали, Перейра және Манисалес қалалары қатты зардап шеккен. Бұл қалаларда жалпы саны үш миллионнан астам адам тұрады, деп хабарлайды ult.kz.
Жер сілкінісінен кейінгі екінші тәулікте құрбандар саны шамамен үштен бірге артты. Қаза тапқандар туралы мәлімет әзірге әртүрлі. Reuters жергілікті билікке сілтеме жасап, 224 адамның қаза тапқанын хабарлады. Ал басқа деректерде зардап шеккен қалалардың әкімдері кемінде 181 адамның мерт болғанын мәлімдеген.
Тағы шамамен 1300 адам түрлі жарақат алған.
Құтқарушылар қирандылар астында адамдардың қалуы мүмкін екенін ескеріп, іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сондықтан құрбандар мен зардап шеккендердің нақты саны әлі өзгеруі ықтимал.
Жер сілкінісі Колумбияның халық тығыз орналасқан әрі экономикалық маңызы жоғары өңірлерінің біріне соққы болды. Қазір жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметтері негізгі күшті адамдарды іздеу, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету және апат салдарын жоюға жұмылдырған.