Алматы облысындағы Көлсай көлінде демалыс кезінде 16 жастағы қызды жылан шағып алды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға экскурсия барысында болған. Зардап шеккен жасөспірімнің туыстары Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару жасағының қызметкерлерінен көмек сұраған.
Құтқарушылар әмбебап құтқару бекетінде қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін қызметтік автокөлікпен медициналық мекемеге жеткізген.
Осы оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға табиғат аясында сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес берді. Ведомствоның мәліметінше, жылдың жылы мезгілінде жыландардың белсенділігі артады. Сондықтан белгіленген бағыттан шықпау, демалатын орынды мұқият тексеру, бауырымен жорғалаушыларға жақындамау және оларды ұстауға әрекет жасамау қажет.
Министрлік жылан шаққан жағдайда уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгініп, оқиға туралы 112 нөміріне хабарлауды ескертті.