Көкшетауда мас күйдегі ер адам ішінде иесі ұйықтап жатқан бөтен көлікті айдап кетпек болған. Оның әрекетін патрульдік полиция қызметкерлері дер кезінде тоқтатты, деп хабарлайды ult.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, Петропавл қаласының 26 жастағы тұрғыны дәмханадан шыққаннан кейін мас күйінде Changan CS75 Plus маркалы автокөліктің рөліне отырған. Сол сәтте көлік иесі алдыңғы жолаушылар орнында ұйықтап жатқан.
Күдікті көлікті небәрі 10 метрге жуық жүргізіп үлгерген кезде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оны тоқтатқан.
Аталған дерек бойынша «Ұрлау мақсатынсыз автокөлікті немесе өзге де көлік құралын заңсыз иелену (көлік айдап кету)» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.