Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы қайтыс болды. Әлеуметтік желілерде оның өз-өзіне қол жұмсағаны және жұмыста қысым көргені туралы ақпарат тараған, деп хабарлайды ult.kz.
Марқұмның туыстары оған негізсіз тәртіптік жаза берілгенін және қызметтік пәтерден шығару мәселесі болғанын айтқан.
Ақмола облысының Полиция департаменті оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды», – деді полиция.
Ал Ақмола облысы бойынша Сот әкімшілігі департаменті қызметкерге жұмыс барысында қысым көрсетілмегенін мәлімдеді. Ведомство 13 тамыздағы сөгіс еңбек тәртібін бұзғаны үшін берілгенін және оның заңдылығын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық органы тексергенін айтты.
Департамент қызметкерді қызметтік тұрғын үйден шығару мәселесі көтерілмегенін де атап өтті.
Ведомство оқиғаның нақты себептері тергеу нәтижесінде анықталатынын хабарлады.