Павлодар қаласында көкнәр тұқымын азық-түлік өнімі ретінде көрсетіп, құрамында есірткі заттары бар өнімдерді заңсыз таратқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті тергеген. Тергеу барысында З.Ф. Алекперовтің құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарын заңды өнім ретінде өткізу схемасын ұйымдастырғаны анықталған.
Қылмыстық әрекетке оның жақын туыстары да қатысқан. Олардың арасында өнімді жеткізу, сақтау, буып-түю және сату міндеттері бөлінген.
Тергеу мәліметінше, тауарлар басқа өңірлерден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп отырған. Ал сатып алушыларға көкнәр тұқымы мен дәмдеуіш ретінде ұсынылған.
Тінту кезінде құқық қорғау органдары құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарының ірі партиясын тәркіледі. Төлемдер қолма-қол ақшамен де, банк аударымдары арқылы да қабылданып отырған.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған қаражатқа ұйымдастырушы екі автокөлік сатып алып, оларды үшінші тұлғалардың атына рәсімдегені белгілі болды.
Сот шешімімен Алекперов пен оның екі сыбайласы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық табысқа сатып алынған автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді.
Бұдан бөлек, құрамында есірткі заттары бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды. Үкім заңды күшіне енді.