Көк-Жайлау дауы: ағаштарды қорғаған белсенді 15 күнге қамалды

Көк-Жайлау дауы: ағаштарды қорғаған белсенді 15 күнге қамалды
Видеодан алынған архивтік кадрлар

Алматыда Көк-Жайлауға тау шаңғысы курортын салуға қарсы шыққан экобелсенді Аруна Ортаева 15 тәулікке қамалды, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының мәліметінше, сенбі күні белсендінің үйінде тінту жүргізіліп, кейін ол полиция департаментіне жеткізілген. Ортаеваға Қылмыстық кодекстің 148-бабы бойынша қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесі берілген.

Бұған дейін белсенді Instagram парақшасында Көк-Жайлаудағы Қызыл кітапқа енген Сиверс алмаларын кесу мәселесі талқыланған аудиожазбаларды жариялаған. Жазбада болжам бойынша, әкімдік қызметкерлері ағаштарды Қызыл кітаптан шығару және кейін кесу мүмкіндігін талқылаған.

Ағаштар Көк-Жайлауға жол салынатын аумақта орналасқан. Аудиожазбада қоғамдық тыңдаулар өткізу мәселесі де сөз болған.

Бюроның мәліметінше, Ортаеваға «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғалмаған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларындағы бірқатар ағаштан қызыл белгілер байқалған. Бұл Көк-Жайлауда жаңа курорт салу үшін ағаш кесуге дайындық болуы мүмкін деген пікір туғызған еді.