Қазақстандағы KIMEP университетінде оқытушыларға қатысты дау қоғам назарын аударды. Әлеуметтік ғылымдар колледжінің деканы Джейсон Гейнос қызметінен кетіп, студенттерді оқытушылар тарапынан жыныстық қысым көрсету фактілері болса, оларды жария етуге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Время басылымының жазуынша, университетте бір жылға жетпейтін уақыт жұмыс істеген Гейнос студенттерге жолдаған қоштасу хатында басшылық тарапынан қысым көргенін мәлімдеген.
Оның айтуынша, университет басшылығы бұрын жыныстық қысым көрсету дауына байланысты аты аталған профессор Надим Наквимен еңбек келісімшартын ұзартуды талап еткен. Алайда Гейнос бұл шешіммен келіспей, қызметінен кетуді таңдаған.
Хатта Гейнос Надим Наквидің 1999 жылы АҚШ-тағы Джорджия университетінен студенттерге қатысты жыныстық қысым көрсетуге байланысты жұмыстан шығарылғаны жөніндегі ақпаратты келтірген. Осы жайтқа байланысты ол KIMEP басшылығын мәселені мұқият қарастыруға шақырғанын айтқан. Бірақ оған аталған оқиғаның шамамен 30 жыл бұрын болғаны және қазіргі қызметіне қатысы жоқ екені жеткізілген.
Гейностың мәлімдеуінше, университет басшылығы даулы мәселені қозғамауды сұрап, Наквимен жаңа келісімшарт жасауға көндіруге тырысқан.
Осыдан кейін ол студенттерді харассмент фактілерін жасырмай, жария түрде көтеруге үндеген. Кейін хат әлеуметтік желілерде тарап, кең қоғамдық талқылауға себеп болды.
Әзірге KIMEP университеті бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Айта кетейік, Надим Накви университетте 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Ал KIMEP оқу орны 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді және халықаралық білім беру моделін қолданады.