Freedom Inside '26

Киевтегі арнайы операция: Қазақстанға жұмыс істеген есірткі тобы ұсталды

Киевтегі арнайы операция: Қазақстанға жұмыс істеген есірткі тобы ұсталды
IMAGO/Depositphotos/YAY_Images

Киевте Қазақстан аумағында есірткі таратумен айналысқан халықаралық қылмыстық ұйымның call-орталықтары әшкереленді, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен және екі елдің бас прокуратураларымен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында синтетикалық есірткі өндіріп, оны Еуропа мен ТМД елдеріне таратқан қылмыстық желінің қызметі тоқтатылды.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, Киевте орналасқан call-орталықтар адамдарды есірткі бизнесіне тарту үшін пайдаланылған. Орталық қызметкерлері Қазақстан аумағында есірткі жасырушылар мен ораушыларды іздеп, оларды заңсыз жұмысқа қабылдаумен айналысқан.

Арнайы операция нәтижесінде 11 адам ұсталды. Олардың қатарында ұйымдастырушылар, операторлар және кадр тартумен айналысқан тұлғалар бар.

Тоғыз мекенжайда жүргізілген тінту барысында шамамен 40 мың АҚШ доллары, 10 мың еуро, Range Rover автокөлігі, 18 ұялы телефон, сондай-ақ 12 ноутбук пен планшет тәркіленді.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тәркіленген техникалардағы мәліметтерді зерттеп жатыр. Сонымен қатар қылмыстық топ ұйымдастырушыларының аккаунттары анықталып, қаржылық тергеу жүргізілуде.

Ведомствоның мәліметінше, аталған call-орталықтардың жабылуы Қазақстан азаматтарын есірткі саудасына тарту фактілерін азайтып, халықаралық есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді.