Маңғыстау облысында Каспий теңізіне батып кеткен 27 жастағы ер адамның мәйіті алты күннен кейін табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы оқиға 21 маусым күні Ақтау қаласынан 56 шақырым қашықтықтағы жабдықталмаған жағалау аумағында болған.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылған. Алайда теңіздегі қатты дауыл сүңгуірлердің жұмысын қиындатып, су астындағы іздеу шараларын тек ауа райы қолайлы болған кезде жүргізуге мүмкіндік берген.
Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сүңгуірлер, Ұлттық ұлан мен Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері қатысты. Сондай-ақ арнайы техника, жүзу құралдары және суасты дроны қолданылды.
27 жастағы азаматтың мәйіті 26 маусым күні сағат 18:30 шамасында табылды. Құтқарушылардың айтуынша, теңіз ағысы марқұмның денесін Ақтаудан шамамен 65 шақырым жерге, демалыс орындарының бірінің маңына дейін алып кеткен.