Қаңтар оқиғасында қаза тапқан полиция және әскери қызметкерлердің отбасына баспана берілді

Қаңтар оқиғасында қаза тапқан полиция және әскери қызметкерлердің отбасына баспана берілді


Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде ауыр жарақат алып, бақилық болған 4 полиция және әскери қызметкерлердің отбасыларына баспана кілттері табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2 және 1 бөлмелі баспаналардың кілттері Алматы облысы полиция департаментінің жедел әрекет етуші арнайы жасағының инспекторы Барғанаев Дархан Ермекұлының, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/16 мекемесінің қызметкері Ержанов Ербол Тлеубекұлының, Ескелді ауданындағы №21751 және Талдықорғандағы №05232 әскери бөлімдерінің әскери қызметкерлері Смайлканов Ғабдолла Ғалымұлы мен Нуркенов Адиль Дулатұлының жақындарына табысталды.


Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев марқұмдардың туған-туыстарына көңіл білдіре келе, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық қажетті қолдаудың көрсетіліп жатқандығын хабарлады. Атап айтқанда, облысымызда қаза болған күштік құрылымдардың 8 қызметкеріне 5 млн теңгеден материалдық көмек көрсетілді. Екінші деңгейлі Банктер олардың 12 млн теңге несиесін кешірді.