Психолог Назым Есенованың қазақ әйелдерінің тарихы, ислам және тәңіршілдік туралы айтқан пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды ult.kz.
Психолог Instagram парақшасында жариялаған видеосында өзін қазақ екенін, алайда мұсылман еместігін ашық айтты. Оның сөзінше, бұған дейін исламға ұзақ уақыт бойы теріс көзқараста болған, кейін оның себебін түсіну үшін тарихты зерттей бастаған.
Назым Есенова ежелгі дала қоғамындағы әйелдердің әлеуметтік рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, қазақ даласындағы әйелдер тек үй шаруасымен шектелмей, атқа мініп, садақ атып, маңызды қоғамдық шешімдерге қатысқан. Ол Қазақстан аумағынан қару-жарақпен бірге жерленген әйелдердің қабірлері табылғанын мысалға келтірді.
Психолог сондай-ақ XIV ғасырда Дешті Қыпшақ даласына барған саяхатшы Ибн Баттутаның жазбаларын сөз етті. Оның айтуынша, саяхатшы қыпшақ әйелдерінің атқа мініп, жүздерін жаппай, ерлермен қатар қоғамдық өмірге араласқанын жазған.
Одан бөлек, Назым Есенова қазақтардың көне дүниетанымы ретінде тәңіршілдік туралы пікір білдірді. Ол тәңіршілдікті дәстүрлі діннен гөрі табиғатпен үйлесімді өмір сүру тәсілі ретінде сипаттады.
Психолог Қарахан мемлекетінде исламның мемлекеттік дін ретінде қабылдануын да сөз етті. Оның пайымдауынша, бұл шешім араб әлемімен сауда байланыстарын нығайтуға бағытталған саяси қадам болған. Алайда бұл тұжырым оның жеке интерпретациясы екенін атап өткен жөн.
Назым Есенова исламдану үдерісінен кейін дала әйелдерінің қоғамдық рөлі өзгерген деген пікірін де білдірді. Сондай-ақ қазақтың кейбір салт-дәстүрлерінен көне дүниетанымның белгілерін көруге болады деп есептейді. Ол қыз қуу, босанғаннан кейінгі қырық күнге қатысты ғұрыптар мен отпен аластауды мысал ретінде келтірді.
Психологтың бұл пікірі желі қолданушыларын екіге бөлді.
Бірқатар оқырман оның көзқарасын қолдап, тәңіршілдік өздеріне жақын екенін жазды. Ал басқа қолданушылар ислам туралы пікірлерімен келіспей, дін тарихында қоғамдық және ғылыми өмірге белсенді араласқан әйелдер болғанын алға тартты.