ІІМ жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру тәртібін өзгертті

ІІМ жүргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру тәртібін өзгертті
Zakon.kz

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандарын қайта тапсыру және көлікті тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Жаңа ережелер артық рәсімдерді қысқартып, мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуге бағытталған, деп хабарлайды ult.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек тексерту міндетті болмайды. Өзгерістердің қауіпсіз екенін растайтын құжат ұсыну жеткілікті.

Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібі де өзгереді:

  • Егер үміткер емтиханнан бірінші рет өте алмаса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады.
  • Екінші рет те сәтсіздікке ұшыраса, келесі әрекетке дайындалу үшін 10 күн беріледі.

Ал теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған жағдайда, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Министрлік бұл талап үміткерлердің қосымша дайындалуына мүмкіндік беру үшін енгізілгенін түсіндірді.

Тағы бір өзгеріс бойынша, теориялық емтиханнан өтіп, практикалық емтиханнан сүрінген үміткердің теориядан алған нәтижесі сақталады.

Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстанның куәлігіне ауыстыру тәртібі де өзгереді. Ол үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру қажет. Бұдан бөлек, уәкілетті орган жүргізуші куәлігін берген елге ресми сұрау жолдайды. Құжаттың түпнұсқалығы сол елдің құзыретті органы растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың айтуынша, бұл талаптар жалған құжаттардың қолданылуына жол бермеуге және мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған.