Huawei Қазақстандағы Android пайдаланушыларына қызмет көрсетуді жалғастырады

Huawei Қазақстандағы Android пайдаланушыларына қызмет көрсетуді жалғастырады

Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы Android тұтынушыларына қызмет көрсетуді жалғастыратынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Huawei  компаниясы Android-тың дүние жүзі бойынша дамуына үлкен еңбек сіңірді. Android-тың негізгі серіктестерінің бірі ретінде біз олардың ашық платформасымен тұтынушыларға, сондай-ақ, тұтас өндіріске қажетті экожүйенің дамуына ықпал етпекшіміз. Компания Huawei мен Honor планшеттері мен смартфондарының қауіпсіздік жүйесі және сатылымнан кейінгі қызмет көрсетулеріне арналған жаңартуларды жеткізуді жалғастыра береді», - делінген Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының Фэйсбуктегі ресми парақшасында.

Компания Huawei-дің дүниежүзіндегі тұтынушылары үшін қауіпсіз және тұрақты бағдарламалар әзірлеуді жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Google басшылығы АҚШ-тың сауда министрлігі қытайлық компанияны қара тізімге енгізу туралы шешім қабылдағаннан кейін Huawei Technologies-пен серіктестіктен бас тартқан болатын.

Бұл, өз кезегінде, Huawei-дің Android операциялық жүйелеріне ену мүмкіндігінен айрылады дегенді білдіреді, ал смартфондардың келесі серияларында Google Play Store және Gmail қосымшалары болмайды.