«Германияға жұмысқа жібереміз»: 150-ден астам студент алаяқтықтың құрбаны болды

«Германияға жұмысқа жібереміз»: 150-ден астам студент алаяқтықтың құрбаны болды
egemen.kz

Жазғы демалыста шетелге барып еңбек етіп, табыс табуды жоспарлаған 150-ден астам қазақстандық студент жұмысқа орналастыру қызметін ұсынған компанияға алданып қалғанын айтады, деп хабарлайды ult.kz.

КТК арнасының мәліметінше, олар әрқайсысы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін қаражат төлегенімен, уәде етілген жұмысқа да бара алмаған, ақшаларын да қайтара алмай жүргенін мәлімдеді.

Студенттердің айтуынша, олар жеті ай бұрын компаниямен келісімшарт жасап, шетелде маусымдық жұмысқа орналасу үшін қажетті төлемді толық немесе бөліп төлеген. Көпшілігі бұл қаражатты ата-анасының атына несие рәсімдеу арқылы жинаған. Келісім бойынша шақырту екі ай бұрын келуі тиіс еді. Алайда белгіленген мерзім өткеніне қарамастан, ешқандай шақырту да, нақты жауап та болмаған.

«Компанияның Instagram парақшасында 50 мыңға жуық оқырманы болғандықтан, сенім арттық. Бес адам болып бірге тіркелдік. Шарт бойынша 31 мамырға дейін шақырту келуі керек еді. Егер келмесе, ақшаны толық қайтарамыз деген. Алғашында Германиямен тікелей жұмыс істейтінін айтты. Кейін бас тарту келген соң, Қырғызстандағы компания арқылы жұмыс істейтінін мәлімдеді», – дейді студент Сұлтан Мұхамеджан.

Жәбірленушілердің басым бөлігі Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан. Олардың сөзінше, дау шыққаннан бері компания кеңсесінің мекенжайы бірнеше рет өзгерген.

Тағы бір студент Нұрай Рахманбеттің айтуынша, бастапқыда Германиядағы DHL логистикалық компаниясына жұмысқа орналастыру ұсынылған. Сағатына 14–16 еуро көлемінде жалақы төленетіні, жұмыс үш айға жоспарланғаны және аптасына бес күн еңбек ету қарастырылғаны айтылған. Алайда кейін компания өкілдері байланысқа шығуды тоқтатып, телефон қоңырауларына жауап бермеген.

«Бәріміз студент болғандықтан, бұл ақшаны ата-анамыздың көмегімен төледік. Енді ең болмаса қаражатымызды қайтарып алсақ дейміз», – дейді ол.

Ал компания директоры Мирас Оразғалиев ақшаны қайтарудан бас тартпайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мәселе шетелдік серіктестің келісімшарт талаптарын орындамауынан туындаған.

«Біз қаражатты қайтару міндеттемесінен бас тартпаймыз. Бірақ қазіргі таңда қаржылық қиындықтар бар. Әрбір клиент үшін қызмет ақысын Қырғызстандағы серіктесімізге толық аудардық. Алайда олар өз міндеттемесін орындамай, қаражатты қайтармай отыр. Қазір бұл мәселені шешу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді компания басшысы.

Компания өкілінің сөзінше, барлық мәселені шешуге кемінде үш ай қажет. Алайда бұған сенбеген студенттер құқық қорғау органдарына арыз жазып, істің заң аясында қаралуын талап етіп отыр.