Отандық медицинаны цифрландырудың сегіз жылы кезекті миллиардтық бекітулер (приписка) мен бюджет қаражатын жымқыру схемасына алып келді, деп хабарлайды hronika.kz.
Бұл оқиғаның басты кейіпкері — астаналық андролог-дәрігер Борис Чен және оған тиесілі «Astana Clinic» мен «Клиника Панацея» ЖШС. 2023 жылдың сәуірі мен 2024 жылдың желтоқсаны аралығында «MedElement» жүйесі арқылы оның «Саламатты Қазақстан» жылжымалы пойызы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (МӘМС) 682,9 млн теңге игерген.
Мемлекеттік аудит тексеруі сорақы шындықтың бетін ашты: шалғай ауылдарды аралаған дәрігер ер адамдарға «жатыр обыры» мен өзге де гинекологиялық аурулар бойынша диагноз қойып, «ем жүргізген». Клиника қызметкерлері пойыздың тек өтірік есептер үшін жұмыс істегенін және басшының әр рейс сайын қалтасына 100 млн теңгеге дейін басып отырғанын мойындады.
Халықтың ақшасы қайда кетті?
Тінту кезінде Б.Ченнің жұбайының атына жазылған Испанияның Валенсия қаласынан 500 мың евроға алынған зәулім үйдің келісімшарты табылды. Қаражат клиника есепшотынан жүздеген миллион теңге болып қолма-қол шешіліп отырған. Сонымен қатар, жүргізушісінің атына рәсімделген Lexus LX 570 жол талғамайтын көлігі де анықталды.
Сот шешімі:
Астана қаласының ауданаралық соты алаяқтық жасаған дәрігерді 5 жылға бас бостандығынан айырды. Испаниядағы вилла мен сәнді автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?
Дәрігер сот үкімін тыңдап жатқанда, Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму министрліктері Премьер-министр Бектеновке бекітулерді түбегейлі жоятын «Бірыңғай ақпараттық жүйе құру» туралы есеп беріп жатқан еді. Елімізде мұндай жалған пациенттер жүйесімен күрес 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді, бірақ ол жыл сайын дамып, енді өңіраралық деңгейге жетті. Ал Министрліктің өзінде «ерлердегі гинекологиялық ауруларға» актілерге қол қойған шенеуніктердің қашан жауапқа тартылатыны туралы сауалға ресми тұлғалар әлі жауап бере алған жоқ.