Қызылорда тұрғыны аутизм диагнозы қойылған қызына жергілікті дамыту орталығының қызметкері күш көрсеткенін айтып, құқық қорғау органдарынан шара қабылдауды талап етті, деп хабарлайды ult.kz.
Kazinform-ның жазуынша, шағымданушының қызы біраз уақыттан бері дамыту орталығына барып жүрген. Ол баласын мамандарға сеніп тапсырғанын, алайда күтпеген жерден жіберілген бейнежазба жағдайдың басқа қырын көрсеткенін айтады.
«Орталық басшысы маған сабақ барысындағы бейнежазбаны байқамай жіберіп қойған. Видеоны көргенде қатты күйзелдім. Сөйлей алмайтын, өзін қорғай алмайтын ерекше баламды бір ай бойы ұрып келгенін көрдім», – дейді Раушан Орынбай.
Ол құқық қорғау органдарын, білім басқармасын және балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілді істі жан-жақты тексеріп, кінәлілерді заң аясында жауапқа тартуға шақырды.
Оқиғаға байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері бейнежазбаларды зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Сонымен қатар облыстық білім басқармасына тиісті ұсыныс жолданған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ерекше балаға күш қолданды деп айыпталған түзету орталығы қызметкері жауапқа тартылған болатын.