Әнші Ердоc Қанаев әлеуметтік желідегі жазбасында ажырасқан әйелдер мен отбасылық мәселелер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі қолында билік болса, ажырасуға кеңес беретін коучтар мен өзін «данышпан» санайтын адамдарға жауапкершілік жүктейтінін жазған.
«Қолымда билік болса, “коучсымақтар мен “данышпандардың” сөзіне сеніп, ажырасып жатқан, сөйтіп бала-шағасын асырай алмай бақытсыз болып жатқан барлық әйелдердің бала-шағасын асырауды солардың мойындарына жүктер едім», – деп жазды Ердоc Қанаев.
Сонымен қатар әнші әйелінен айырылған ер адамның кейін үйленуіне байланысты шығындарды да аталған адамдарға жүктейтінін айтқан.
«Әйелдерінен айырылған еркектің ендігі үйленетін тойын, қызға берер қалыңмалын, бәрін солардың мойнына жүктер едім. Қияметте жауап бересіңдер», – деді ол.
Әншінің бұл сөзі әлеуметтік желі қолданушылары арасында талқыланды. Кейбірі оның пікіріне қосылса, енді бірі ажырасудың себептері тек әйелдердің шешіміне немесе сырттан берілген кеңеске байланысты емес екенін алға тартқан.
Олардың бірі Ердоc Қанаевтан ажырасуға себеп болатын зорлық-зомбылық, маскүнемдік, нашақорлық, ер адамның отбасыға материалдық жауапкершілік алмауы және ата-ананың араласуы сияқты жағдайларға да назар аударуды сұраған.
Ал тағы бір пікір иесі әншінің ұстанымын қолдамай, «ажырасудың себебін терең зерттеу керек» деген ойын білдірген.