Елордада Қытай тәжірибесі мен Си Цзиньпиннің партиялық құрылыс идеялары талқыланды

Елордада Қытай тәжірибесі мен Си Цзиньпиннің партиялық құрылыс идеялары талқыланды
ult.kz

Астанада Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігі мен Қытайды зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Қытай тәжірибесі және Си Цзиньпиннің партиялық құрылыс идеяларының жаһандық маңызы» атты семинар өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Іс-шара барысында Қытай мен Қазақстанның мемлекеттік органдары, сарапшылық, академиялық және медиа қауымдастық өкілдері партиялық құрылыс саласындағы теориялық жаңашылдықтар, практикалық тәжірибе және оның халықаралық маңызы жөнінде пікір алмасты.

Фото: ult.kz

Семинарда сөз сөйлеген Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хан Чуньлинь қатысушыларға алғыс білдіріп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ биыл Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толып отырғанын атап өтті.

«Осы бір ғасырдан астам уақыт ішінде партия талай сынақтан өтіп, ауқымды тарихи өзгерістерді бастан кешірді. Құрылған кезде небәрі 50-ден астам мүшесі болған Қытай Коммунистік партиясы бүгінде 100 миллионнан астам мүшесі бар, әлемдегі ең ірі билеуші партияға айналып, жаһандық деңгейде зор ықпалға ие болды.

Партияның басшылығымен Қытай халқы ұлттық тәуелсіздік пен халықтың азаттығына қол жеткізіп, экономиканың қарқынды дамуы мен қоғамның ұзақ мерзімді тұрақтылығы сияқты екі ұлы жетістікке жетті. Осылайша, адамзат тарихында теңдесі жоқ даму жолын қалыптастырды.

Бүгінде әлем Қытайды бұрынғыдан да тереңірек түсінуге ұмтылуда. Алайда «Қытайды басқаруды» түсіну үшін ең алдымен «Қытай Коммунистік партиясының басқару жүйесін» түсіну қажет. Ал қазіргі Қытай Коммунистік партиясының қызметін жан-жақты ұғыну үшін, ең алдымен, Си Цзиньпиннің партия құрылысын нығайту жөніндегі идеяларын түсіну маңызды», – деді елші.

Елші баяндамасында Си Цзиньпиннің партиялық құрылыс жөніндегі идеяларының негізінде партияның бірлігі мен тұрақтылығын сақтау, халық мүддесін басты орынға қою, тиімді ұйымдастыру жүйесін қалыптастыру және өзін-өзі жаңғырту қағидаттары жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл ұстанымдар Қытайдың ұзақ мерзімді дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Си Цзиньпин идеяларының халықаралық маңызына тоқталған Хан Чуньлинь мырза әлем елдеріне даму жолын таңдауда, партиялық басқаруды жетілдіруде, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруда және халықаралық партияаралық ынтымақтастықты дамытуда тәжірибе ұсынатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қытай өз моделін өзгелерге таңуды мақсат етпейтінін, әр мемлекеттің өз тарихи ерекшелігі мен ұлттық жағдайына сай даму жолын таңдауы қажет екенін атап өтті.

Фото: ult.kz

Елші Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа да арнайы тоқталып, екі елдің тұрақты жан-жақты стратегиялық әріптестігі жаңа кезеңге қадам басқанын айтты. Оның пікірінше, Қазақстан мен Қытай мемлекеттік басқару, кадр даярлау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және жаңғырту бағыттарында тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделі.

«Біздің елдеріміздің тарихи жолы мен даму жағдайлары әртүрлі болғанымен, екеуі де өздерінің нақты жағдайына сүйене отырып, тұрақтылықты сақтауды, экономикалық өсуді қамтамасыз етуді, халықтың тұрмыс деңгейін арттыруды және адами капиталды дамытуды басты мақсат етеді», – деді Қытай елшісі.

Хан Чуньлинь Қытай тарапы Қазақстанның саяси партияларымен, мемлекеттік органдарымен, ғылыми орталықтары және жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай диалог екі елдің өзара түсіністігін нығайтып, басқару тәжірибесі бойынша өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Семинар барысында Қытай мен Қазақстанның жетекші сарапшылары мен ғалымдары Си Цзиньпиннің партия құрылысы туралы идеяларының теориялық және практикалық маңызын талқылады. Баяндамаларда партиялық тәртіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігі, кадр даярлау, цифрландыру, жасанды интеллект, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, стратегиялық жоспарлау және халықаралық ынтымақтастық мәселелері қамтылды. Қатысушылар Қытай тәжірибесін ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып зерделеудің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мен Қазақстан–Қытай ынтымақтастығын дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.

Фото: ult.kz

Семинарға қатысушыларға бейнеүндеу жолдаған ҚКП ОК Партия тарихы мен әдебиеті институтының Халықаралық байланыстар басқармасының бұрынғы директоры, аға ғылыми қызметкер Ян Минвэй баяндамасын партиялық тәртіп мәселесіне арнады. Ол белгіленген қағидаларды дәйекті түрде сақтау, жеке жауапкершілік және тәртіптік бақылаудың тиімді тетігі мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды шарттар екенін атап өтті.

Фото: ult.kz

Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының атқарушы директоры Қайрат Батырбаев партия құрылысын ең алдымен мемлекеттік басқарудың институционалдық тетігі ретінде қарастырды. Ол стратегиялық сабақтастық, кадр даярлау, атқарушылық тәртіп және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау мәселелеріне ерекше назар аударып, мемлекеттік басқарудың әртүрлі үлгілеріне салыстырмалы талдау жасады.

Ал Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының аға зерттеушісі Ұлан Нұхитжан Си Цзиньпиннің партия құрылысы туралы идеяларын зерделеу Қытайдың ұзақ мерзімді саяси бағыты мен мемлекеттік шешім қабылдау тетіктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін де практикалық маңызға ие.

Фото: ult.kz