Еліміздегі жылу, сумен жабдықтау желілерінің 50 пайыздан астамы тозған

Еліміздегі жылу, сумен жабдықтау желілерінің 50 пайыздан астамы тозған


Еліміздегі жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу деңгейінің орташа көрсеткіші 53 %-ды құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, соңғы 7 жылда тозу деңгейінің жалпы көрсеткіші 13 пайызға төмендеген.

ТЖМ республикалық дағдарыс орталығы және жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша, 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымы басталғаннан бері еліміз бойынша 26 технологиялық ақау орын алған, оның ішінде:

– автономды қазандықтарда – 2 (Ақмола және Алматы облыстарында);

– жылумен жабдықтау желілерінде – 11 (Жетісу – 1, Қарағанды – 7, Павлодар – 1, Астана-1, Алматы-1);

– сумен жабдықтау желілерінде – 13 (Абай – 1, Ақмола – 2, Алматы – 1, ШҚО – 1, БҚО – 1, Қарағанды – 1, Павлодар – 1, СҚО – 2, Ұлытау – 1, Астана - 2).

«2015-2022 жылдар аралығында әртүрлі қаржыландыру көздерінен жылу жүйелерінің құрылысы, реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарына 344 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 3 667 км инженерлік желі салынып, қайта жаңартылған. Осылайша, жалпы тозу деңгейі 65%-дан 53 пайызға дейін төмендеді. 2022 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 51%-ға дейін төмендету жоспарлануда», - деп жазды ведомстводан.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2026 жылға қарай жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуының жалпы көрсеткішін 45%-ға дейін азайту көзделіп отыр.