Ішкі істер органдары жүргізген республикалық рейд барысында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланған 500-ден астам автокөлік анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, 10-14 маусым аралығында еліміз бойынша жалған нөмірлі көліктерді анықтау және мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған арнайы рейдтік іс-шаралар өткізілген.
Нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 22 мыңнан астам дерегі тіркелді. Оның ішінде 500 автокөлікте жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері орнатылғаны белгілі болды.
Сондай-ақ рейд барысында мемлекеттік нөмірсіз пайдаланылған 1,5 мыңнан астам көлік анықталған. Жалпы алғанда шамамен 2,5 мың автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызының айтуынша, мұндай фактілердің басым бөлігі қасақана жасалады.
«Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану көбіне құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен жалтару мақсатында жүзеге асырылады», – деді ол.
ІІМ мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді.