Мемлекет басшысының Жарлығымен Эльдар Сейдахметұлы Толғанбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Ult.kz.
Эльдар Толғанбаев 1981 жылы Алматы облысында дүниеге келген. М. Шакарим атындағы Семей мемлекеттік университетін және Д. А. Қонаев атындағы университетті тамамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы мәслихат аппаратының бас маманы ретінде бастап, кейін аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінде жұмыс істеді. Әр жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымында, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығында бас консультант және жедел ақпарат секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Одан кейін Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директорының орынбасары, Парламент Мәжілісі Төрағасының кеңесшісі, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары және «Almaty телерадиокомпаниясы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары болды.
Соңғы жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымдарын атқарған. Осы тағайындауға дейін 2024 жылғы ақпаннан бері ҚР Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.