Екібастұз қаласындағы пәтерлердің бірінен әйел адамның мәйіті табылды. Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Әуезов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде болған. Пәтерге кіре алмаған полиция қызметкерлері Жедел-құтқару жасағының көмегімен есікті ашқан.
Пәтер ішінен зорлық белгілері бар әйел адамның мәйіті табылған. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс жүргізіп жатыр.
– Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ведомство ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін атап өтті.