Шымкентте бұған дейін екі мәрте егіз босанған әйел үшемді дүниеге әкеліп, 10 баланың анасы атанды, деп хабарлайды ult.kz.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, үшемнің екеуі – қыз, біреуі – ұл. Туған кездегі салмақтары тиісінше 1740, 1482 және 1730 грамм болған. Ата-анасы сәбилерге Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімдерін берген.
Шала туған нәрестелер алғашқы күндері жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімінде ем қабылдады. Кейін арнайы күтім бөліміне ауыстырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды.
Мамандардың уақытылы көрсеткен медициналық көмегінің арқасында сәбилердің жағдайы жақсарып, салмақтары біртіндеп артқан.
Қазір үшемнің жағдайы қанағаттанарлық. Салмақтары екі келіден асқан нәрестелер медициналық көрсеткіштерге сәйкес үйіне шығарылуға дайындалып жатыр.